Құтқарушылар саяжай учаскелерінде рейд жүргізді
Шығыс Қазақстанда өрт қаупі жоғары маусым басталды. Тек соңғы бір тәуліктің ішінде шөп жануына байланысты 15-ке жуық өрт оқиғасы тіркелген. Ахуалды бақылауда ұстау мақсатында ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті, Өскемен қаласының ТЖ басқармасы, ҚР ТЖМ екінші құтқару батальонының әскери қызметшілері мен еріктілер бірлесіп, саяжай алқаптарында профилактикалық рейд өткізді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Рейд кезінде саяжай иелеріне өрт қауіпсіздігі ережелері түсіндіріліп, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 336 және 410-баптарына сәйкес жауапкершілік туралы айтылды. Мамандар әсіресе отты абайсыз пайдаланудың салдары тұрғын үйлерге дейін жетуі мүмкін екенін ескертті.
Құтқарушылар биіктен бақылау үшін дрон пайдалануда. Бұл құрылғы өрт ошақтарын жылдам анықтап, тәртіп бұзылған аумақтарды бірден байқауға мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде үш азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
ТЖД мамандары өрт қаупі бар маусымда саяжай, елді мекен және ұйым аумақтарын қоқыстан, жанғыш қалдықтардан тазартуды ұсынады. От жағу тек арнайы орындарда, ғимараттардан кемінде 50 метр қашықтықта, желсіз күні және бақылаумен жүзеге асырылуы қажет. Мангалдар да осындай талаптарға сай орнатылуға тиіс.
Фото: ШҚО ТЖД






