Шыңғыстайдың нанына сұраныс артып келеді
Фото: Тимур Серікхан
Катонқарағай ауданында бірлі-екілі адамдар ғана болмаса, ұн тағамдарын жасап отырған кәсіпкерлер аз. Нанның өзін көрші Үлкен Нарынның наубайханаларынан жеткізіп жүр.
Баяғыда аудан орталығында зіңгіттей наубайхана жұмыс істеп, осы өңірдің халқын нанмен қамтып отырды. Жаңа піскен нанның аңқыған иісі сонадайдан мұрныңды жарып, менмұндалап тұратын. 90-шы жылдардың топалаңында наубайхана жұмысын тоқтатып, кейін зәулім ғимараты да түп орнымен бұзылды. Бұзылды емес, бұзды, қиратты. Қазір аудан орталығы мен кейбір ауылдарда кәсіпкерлер мүмкіндіктерінше наубайхана ашып, жергілікті жұртты сапалы өнімдерімен қамтуда.
Былтырғы желтоқсанда аудан орталығына иық тіресе жатқан Шыңғыстайда да наубайхана ашылды. Бұл істі осындағы ерлі-зайыпты Серік пен Мадина Әкімбаевтар жүргізіп отыр. Төрт жылды артқа тастап, бұрынғы наубайхана ғимаратын ретке келтірген бұл отбасы наубайханаларында күніне 70-80 қарма нанын пісіріп, ауыл мен аудан орталығындағы сауда орындарына өткізеді.
Қарма нанын пісіреміз, бұл – ата-бабамыздан келе жатқан тағам. Әмбе, ағзаға жеңіл, денсаулыққа пайдалы, асқазанға ауыртпалық салмайды. Еш қоспасыз, табиғи өнімдерден дайындаймыз. Бағасы қолжетімді. Ісімізді бастаған күннен-ақ тұрғындардың сұранысына ие болдық.
Серік пен Мадина Әкімбаевтар енді наубайхана өнімділігін арттыруды көздеп отыр. Болашақта 300 бөлкеге дейін қарма нанын шығару жоспарда бар.
Тимур Серікхан
Фото: автордан