ШҚО: Украинка ауылында интернет байланысы жақсартылады (видео)
Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданына қарасты Украинка ауылында әлеуметтік маңызы зор ерекше нысан – «Жер су» жылыжай кешені жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бұл – өңірдегі ең ерекше аграрлық жобалардың бірі. «Жер су» – жер астындағы жылыжай кешені. Мұнда төрт жылыжай орналасқан және оларда жыл бойы тек көкөністер ғана емес, экзотикалық өсімдіктер де өсіріледі. Бүгінде жылыжайдың басты «тұрғындары» – лимон ағаштары. Оларға қоса пальма, банан, мирт, юкка, бугенвиллия және сирек кездесетін австралиялық каллистемон өсіп тұр.
Бұл – инженер-зейнеткерлер Николай мен Людмила Землянаялардың авторлық жобасы. Олар бұл бастаманы 15 жылдан астам бұрын қарапайым қызанақ пен қияр өсіруден бастаған. Бүгінде «Жер су» тек ШҚО-да ғана емес, еліміздің өзге өңірлерінде де танымал. Өткен жылы Людмила Земляная Астанада республикалық деңгейде тәжірибесімен бөлісіп, оның жобасы Жасыл энергетика жөніндегі халықаралық қауымдастықтың қызығушылығын тудырды. Ауыл кәсіпкерлігінің дамуына қосқан үлесі үшін Людмила Земляная «Құрмет» орденімен марапатталды. Өкінішке қарай, оның жұбайы Николай бұл сәтті көре алмады.
Облыс әкімімен кездесу барысында кәсіпкер әйел Украинка ауылындағы өзекті мәселелерді де көтерді: тұрақты интернеттің болмауы мен қоғамдық көліктің үздіксіз қатынамауы. Бұл мәселелерді шешуді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов тиісті басқармалар мен Ұлан ауданы әкімдігіне тапсырды.
Ауылдағы медициналық пункт қажетті дәрі-дәрмекпен және кадрлармен қамтамасыз етілген. Алайда қызмет сапасын арттыру үшін құрал-жабдықты жаңарту және қызмет түрлерін кеңейту мақсатында қосымша инвестициялар қажет.
Ауылдық клуб та назардан тыс қалмады – ол ауылдағы мәдени өмірдің маңызды орталығы. Мұнда мерекелер, концерттер, балаларға арналған іс-шаралар өтеді. Клуб қызметкерлері материалдық-техникалық базаны жаңарту, іс-шара өткізуге қолайлы жағдай жасау және интернеттің қолжетімділігі мәселелерін көтерді.
Дамир Омаров
Фото: Махаббат Ахметжанова














