Қан майданда ерліктің ерен үлгісін көрсеткен
Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мерекесінде елімізге қасірет әкелген сол бір жылдарға амалсыздан қайта оралуға тура келеді. Сондайда қан майданда ерлік көрсеткен, етігімен су кешіп, шинелімен мұз жастанған ерлердің қай-қайсысы да ерекше құрметке лайық екенін сезінесіз. Сондай жауынгерлердің бірі- Байздрахман Қалиақперов Ұлан ауданы Ізғұтты Айтықов (Сегізек) ауылында 1906 жылы дүниеге келген.
Елін жаудан азат ету үшін сұм соғысқа Байздрахман Қалиақперов 1942 жылы 2 мамырда аттанған. Курск доғасындағы және Орлов облысындағы шайқаста ерлік көрсетті. 1942 жылдың мамыр айынан қазан айына дейін 487-атқыштар полкінің құрамында болды. Оқ пен оттың ортасында жүріп, әскери шеберлік пен асқан ерліктің үлгісін көрсете білді. Осы шайқаста қатты жараланып, ес -түссіз қалған жерінен жаудың қолына тұтқынға түседі.
Тұтқынға алынған әскери офицер Байздрахман Қалиақперовтің аяғын аман алып қалуға көмектескен. Ол пышақты отқа қыздырып, снаряд сынықтарын шығарып, аяғын күн сайын немістерге көрсетпестен емдеген.
Осы қиын сәтте тұтқынға түсіп, сауыншы болып жұмыс істеген белорус әйелі жаралы жауынгерге мүмкіндігінше бір кесе сүт әкеліп беріп отырған екен. Кейін Батыс Германияға, Берлинге ауыстырды. Соғыс аяқталып, Берлин оккупация аймақтарына бөлінгенде Байздрахман Қалиақперов тұрған лагерь америкалық аймақта аяқталды. Америкалықтар тұтқындарға бәрібір өз жерлеріңде өмір сүре алмайтындарын, олар ақталмайтындарын айтып, Америкаға баруды ұсыныпты. Бірақ «Өлсем, өз жерімде өлемін» деп келіспеген. Ол Берлиндегі лагерьде жан-жақты сыналып, шындықты сол күйінде қайталай беріпті. Әскери қызметке қайта алынып, 1945 жылдың желтоқсан айына дейін Германияда ат көлігінде көлік ротасында қызмет етті. Айғақтары мен сол бір тұтқынға түскен офицер-дәрігердің (Ресейде) берген айғақтары салыстырылып, сәйкес келіп, содан кейін ғана ол толық ақталып, Жеңіс күні мерекесінің есігі ашылды.
Қан майданда өшпес ерлік пен елдіктің, қаһармандық пен батырлықтың ерен үлгісін көрсеткен соғыс ардагері Байздрахман Қалиақперов «Алтын Жұлдыз», «Қызыл Ту», 2-дәрежелі Отан соғысы ордендерімен және «За отвагу» медалімен марапатталған.
Жастайынан білімге құштар болып, араб тілінде оқып, кітап оқуды жақсы көрген.
1920 жылы Зәуре Тоқмерқызы екеуі шаңырақ көтеріп, 5 бала тәрбиелеп, 18 немере, 31 шөбере сүйді. Еңбекпен ерте есейген ол 1930 жылдары алтын шығаратын кен орнында, кейіннен Ұлы соғыс басталғанға дейін Турксиб құрылысында еңбек етті. Жұбайы Зәуре Тоқмерқызы ел басына күн туған кезде халық көрген бейнетті ол кісі де көріп, тылда тыным таппай еңбектеніп, балаларын асырау үшін жерден масақ жинап, сабағынан бөлінген бидайды да тазалап,түнімен бидайды қаптап, өгіз арбамен жер де жыртқан.
Толғағы ащы болған қасиетті күн – Жеңіс күні талай отбасын қуанышына бөледі, талайының жүрегіне жазылмас жара салды. Дегенмен, ол Ұлы мереке болып тарихта қалды. Бұл күн талайдың жанымен, қанымен, көз жасымен, күшімен, маңдай терімен, ерлік ісімен келді. Олар ата мен ананың абырой-намысы, елдің ертеңі үшін туған жердің топырағын жауға таптатпауға тырысты. Сол үшін жандарын берді, денсаулықтарынан айырылды. Қазақ халқы – арғы-бергі тарихында ел басына күн туған қиын шақта атқа қонып, толарсақтан саз кешіп, жаумен жағаласқан жауынгер халық. Сондықтан осындай ерлік көрсеткен батыр атамыздың ерлігі ұрпағының есінде мәңгі сақталары хақ.
Инабат АКЕТПАЕВА