KZ
Өскемен
небольшой снег Штиль
494.87 520.65 4.91

Жасын өсіріп жаздырып соғысқа аттанған азаматтар болған

8.05.2020, 05:32 152

    Сұм соғыста елін жаудан азат еткен жауынгер ағамыз Төкен Сүйгенбаев туралы сыр шертпекпіз. Соғыс ардагері Төкен Сүйгенбайұлы  – Ұлан ауданы, Бозанбай ауылының маңындағы «Тегісшіл» ұжымшарының түлегі.    

    «Соғыс» деген суық хабарды тоғызыншы класты аяқтаған кезде естиді. Майданға алғашқылардың бірі болып ағалары Қайман мен Ыбырайым аттанды. Ыбырайым ағасы Фин соғысына қатысып келген еді. Соғыс салдарынан Төкен ағамыз оқуын үзіп алды. «Тегісшіл» ұжымшары шаруасының барлық ауыртпалығы қарттар мен әйелдердің, жас өспірімдердің мойнына түсті. Шіркін, албырт жастық-ай десеңізші! «Мен он сегізге келгенше соғыс бітіп қалады. Тездетіп майданға барып, жаудан кек алсамын», – деп Төкен ағамыз құлшынады. Үйінен жасырынып аудандық әскери комиссариатқа барып, майданға жіберіңіздер деп сұранады. Он алтыдағы жасөспірімді әскерге қайдан алсын. «Жасың толғанда келерсің», – деп шығарып салды. Жігерлі жас алған бетінен бәрібір қайтпады. Ауылдық кеңеске барып, екі жасын өсіріп жаздырып алады. Сөйтіп, Төкен аға өзінен екі жас үлкен жігіттермен майданға аттанды.

      Әскери даярлықтан Алматы қаласындағы Тастақта өтті. 45 миллиметрлік зеңбіректің көздеушісі болды. Майданға аттанар алдында қорытынды даярлық өтті. Әскери-саяси даярлықта үздік шыққаны үшін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен наградталды. Грамота Төкен ағаға соғыстан кейін тиді. Дайындықтан өткен қырық бірінші дербес артиллерия дивизиясының жауынгерлері Харьковты азат ету жорығына қатысты. Он алты жасар старшина Сүйгенбаев бұл кезде расчет командирі болатын. Шайқаста ағамыздың көрсеткен ерлігі елеусіз қалмады. Төкен ағамыз «Ерлігі үшін» медалімен наградталды. Майданда бүкіл Украина жерін түгел жаяу жүріп өтті. Әр күн қатерлі. Әр күнгі шайқастың өзі бір тарих қой. 45 миллиметрлік зеңбіректің жігіттері тура алғы шепте, жаяу әскердің алдында жүреді. Темір тажал танктермен жекпе-жекке шығып отырды. Жаудың атыс ұяларын жойып отырды. Ол үшін батырлық, батылдық керек. Сұрапыл соғыста көрсеткен ерліктері үшін «Отан соғысы» ордені, «Германияны жеңгені үшін» және басқа жауынгерлік наградалар алды.

    Көптен күткен Ұлы Жеңіс күні де жетті. Жеңімпаздар елге оралып жатты. Ал Төкен Сүйгенбайұлы сияқты жас жауынгерлер бірден үйге қайтқан жоқ. Армия қатарында тағы да үш жыл қызмет етуіне тура келді. Соғыс біткенмен оның зардаптары қалды ғой. Бүкіл ел болып бүлінген шаруашылықтарды қалпына келтіруге жұмылды. Бұл істен жауынгерлер де шет қалмады. Олар да құрылыс жұмыстарына белсене араласты. Төкен аға Сухумиден Рица көліне дейін тау бұзып, тас қашап, жол салушылар арасында болды. Сол жердегі «Рица» шипажайын бастан-аяқ салып шықты. Кейін осы өзі салған шипажайда демалды.

    Төкен ағамыздың майдандағы өмірі ерлікпен өрнектелсе, бейбіт кездегі өмірі де өнегелі болды. 1948 жылы әскер киімін шешпестен Алматыға барып есеп-кредит техникумына оқуға түсті. Оны бітіргеннен кейін еңбектен қол үзбей жүріп, Мәскеудің финанстық-экономикалық институтын аяқтап, жорғары білім алды, банк қызметінде қырық екі жыл жұмыс істеді, оның жиырма бес жылында мемлекеттік банк облыстық басқармасы бастығының орынбасары болды. Облыстық ауыл шаруашылығы құрылыс объектілерін қаржыландыруда көп еңбек сіңірді, еңбекқорлығымен, ұйымдастырушылық қабілетімен, адамгершілігімен үлкен табыстарға жетті. Үкімет еңбегін жоғары бағалап, бірнеше марапаттарға ие болды. Шығыс Қазақстанда барлық аудандарға банк үйін салғызды. Қазір Ұлттық Банк ғимаратының барлық құрылысы Төкен ағамыздың қолынан өтті.

     Елу екі жыл отасқан өмірлік жары Үнзира Садықовамен өнегелі өмір сүрді. Ұл-қыздарының қуанышына, немере-жиендерінің қызығына бөленіп, ағайын-туыс ортасында алып бейтеректей қадірлі болды. Жары Үнзира Құсайынқызы ұзақ жыл Жамбыл интернатында ұстаздық етіп, қаншама шәкірт тәрбиеледі. Ағамыз отбасында балаларының тәрбиесіне ерекше көңіл бөлді. Осындай әкенің тәрбиесін көрген, ардақты ананың ақ сүтін ақтаған ұл-қыздары да осал болған жоқ. Әрқайсысы бір-бір мамандықтың иесі болып, жеке-жеке отбасы болып кетті. Соғыс және еңбек ардагері Төкен Сүйгенбайұлы 2000 жылы қайтыс болды. Қан майданда Отанын фашистерден азат етіп, батылдық көрсеткен жауынгер ағамыздың ерлігіне басымызды иіп, тағзым етеміз.

Гүлбарам Қалибаева

Өскемен.

             

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу