KZ
Өскемен
+16°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, В
443.44 480.51 4.88

Жеңісті жақындатқандар

10.05.2024, 09:13 53 ALTAINEWS

Қазақстан Ұлы Отан соғысына КСРО-ның құрамдас бөлігі ретінде қатысты. Елімізден майданға 1 миллион 200 мыңдай адам аттанды, өкінішке қарай олардың 600 мыңнан астамы оралған жоқ.

Жеңіс жолында шығысқазақстандықтар да жанқиярлықпен шайқасты, мыңдаған жерлесіміз құрбан болды. Бұл ретте Шығыс Қазақстанның өзінен ғана 60-тан астам адамның Кеңес одағының батыры атағын алғанын атап өткен жөн. Сонымен қатар осы сұрапыл жылдарда облысымыз майданның нағыз берік тылына айналды. Еңбеккерлер әскерді азық-түлікпен, киім-кешекпен, қару-жарақ, оқ-дәрімен үздіксіз қамтамасыз етіп тұрды.

 «Төлегендей ұлдарыңыз барда...»

Фашистермен бірінші болып соғысқандардың арасында шығысқазақстандықтар да аз емес еді. Брест қамалын қорғаушылардың арасында жүзден астам шығысқазақстандық болды. Мәскеу түбіндегі және Волга бойындағы шайқастарда, Ленинградты қорғауда және блокаданы бұзуда, Днепр мен Висланы алуда, Польшаны, Чехословакияны, Венгрияны азат етуде, Кенигсберг пен Берлинді алуда ерлік көрсеткендері үшін 50 жерлесімізге Кеңес одағының батыры атағы берілді.

Ленинград түбіндегі шайқаста ерлік көрсеткен 19 мың солдат пен офицер орден-медальдармен марапатталса, 25 жауынгерге батыр атағы берілді. Солардың ішінде шығысқазақстандық Серікқазы Бекбосынов бар еді.  

8-ші «Қызыл ту» гвардиялық атқыштар дивизиясы командирінің 1942 жылғы Лениногор қалалық комитетінің хатшысынаЛениногор қорғасын зауытының жұмысшысы, Ұлан ауданының тумасы Төлеген Тоқтаровтың ерлігі туралыжазған хатынан  үзінді: «Төлеген сияқты ұлдарыңыз бар кезде кез келген жауды жеңуге болады. Ол бір шайқастың өзінде 17 фашистің көзін жойды, ауыр жарақаты бола тұра, бір топ фашистпен қоян-қолтық жекпе-жекке шықты. Автомат дүмімен ұрып офицерді өлтірді, бірақ жаудың оғынан мерт болды. Ол ерлікпен қаза тапты».

Басқыншыларға қарсы күресте көрсеткен қаһармандығы үшін Төлеген Тоқтаровқа батыр атағы берілді.

Майдан шебінде барлаушы болған батырымыз – Ізғұтты Айтықов. Қызыл Жұлдыз, Ленин ордендері, «Сталинградты қорғағаны үшін» медалі – Ізғұтты ерліктерінің дәлелі. Ол – Даңқ орденінің кавалері. Белоруссияның Полоцк қаласын алуда көрсеткен ерлігі үшін, Батыс Двина өзенінен өтіп, жау бекінісін бұзғаны үшін оған батыр атағы берілді. 

Ал Ұлан ауданы, Манат ауылының тумасы Нұрмұхамет Рақышев ерлігі үшін 1944 жылы ІІІ дәрежелі Даңқ орденімен марапатталған. Сол жылғы газетте «Солдат Рақышев 112 жау әскерін, 1 пулеметті, 3 машинаны жойды» деп жазылған. 

 Ертіс зауыты жоспарды екі есе артық орындады

Жауды жеңудегі еңбектің едәуір бөлігі облыстың ауыл шаруашылығы жұмысшыларына тиесілі. Майданға көптеп нан, ет, сүт берген еңбеккерлер де ерлік көрсетті. Кеңес армиясын азық-түлікпен үздіксіз қамтамасыз ету үшін оларды «таңнан кешке дейін еңбек етеміз» деген патриоттық ұран жігерлендірді.

Фашистердің шабуылына жауап ретінде құрылысшылар, техниктер, облыс кәсіпорындарының инженерлері мен қызметкерлері жанқиярлық еңбектің үлгісін көрсетті.

Қысқа мерзім ішінде өнеркәсіпті қорғаныс өнімдерін шығаруға көшіру, көшіріліп әкелінген зауыттар мен фабрикаларды дереу іске қосу қажет болды. 

1941 жылы 9 тамызда Кеңес одағының ақпарат бюросы «Глубокое ауданындағы Ертіс мыс балқыту зауытының ұжымы жоспарды екі есе артық орындап жатыр» деп хабарлады. Барлық кәсіпорындар мен құрылыс алаңдарында солай болды.

1941 жылдың аяғында фашистік басқыншылар соғысқа дейін көмірдің 63%, темірдің 68%, болаттың 58%, алюминийдің 60% өндірілген кең-байтақ аумақты басып алды.

Кәсiпорындар әскери өнiм өндiруге көштi, әскери киiмдер мен жабдықтар тікті, ат әбзелдерін шығарды, азаматтық мақсаттағы бұйымдар өндірісін қысқартты. Өскемен ет комбинаты тұздалған көкөніс, ысталған шұжық өндірісін арттырды, май зауыттары сары май, ірімшік, Шығыс Қазақстан балық тресі тұздалған және кептірілген балық, наубайханалар крекер, прәндік, печенье, кептірілген нанды көптеп шығара бастады.

Белоусовка кен басқармасы жұмысын әскери режимге қайта құрып, 1941 жылы мыс металын жоспардан 6,3 пайызға артық берді.

Ұлы Отан соғысы жылдары Кенді Алтайдың байлығы майданға қызмет етті. Облыс қорғасынды өндіруде одақтық өндірістің 40 пайызын беріп отырғанын айтсақ та жеткілікті.

1942 жылы Лениногор қорғасын зауыты жоспардан тыс 40 миллион оқ жасауға болатын металл берді.

1943 жылы біздің облыс 4 мың тонна кенді, 50 тонна қорғасынды, 530 киллограм сирек металл мен 265 тонна металл сынықтарын жоспардан тыс өндіріп берді.

 Өңір халқы 360 миллион сом жөнелткен

«Ленинградтық  қаһармандарға сыйлықтар жіберейік» деген үндеумен облыстың еңбекші қауымы игі іске белсене атсалысты. 

Айталық, 1942 жылы Таврия ауылынан ленинградтықтарға 300 килограмм ет, 887 килограмм сары май, 500 килограмм өсімдік майы, 150 килограмм ұн тапсырылды. Зыряндықтар /қазіргі Алтай ауданы/ Ленинград майданының жауынгерлеріне 1770 килограмм ет, 1260 килограмм май, 1000 килограмм өсімдік майын, 158 килограмм ұн, 900 килограмм бал мен тосап жіберді. Самар ауылының май зауытынан майданға 912 килограмм ерітілген сары май мен 692 килограмм сары май жіберілді. Үлкен Нарын ауданынан 1230 килограмм тұздалған ет, 1257 килограмм май, 1500 келі өсімдік майы, 422 килограмм тұздалған балық, 456 килограмм пияз, 820 дана жұмыртқа жөнелтілді. Осындай мысалдар өте көп. 

Отан қорғау қорына көмек беру, майдан үшін жылы киім, азық-түлік, қаржы жинау тоқтаусыз жүріп жатты. 

Ұлан ауданының колхозшылары майданға көмек беру үшін өздеріне зор міндеттеме алды. Олар: «Қызыл армияның жеңістерімен жігерленген біз – Шығыс Қазақстанның колхозшылары майданға астықты, басқа да өнімдерді мол беру үшін тынбай еңбек етуге барымызды саламыз. Социалистік жарысқа қосылып, мемлекетімізге астық тапсыру жоспарын мерзімінде орындап қана қоймай, асыра орындау үшін бар күшімізді жұмсаймыз» деп үндеу тастады.

Шығыс Қазақстан еңбекшілері соғыс жылдарында бұрын-соңды болмаған жомарттық танытты. Майданға көмекті күшейту үшін олардың ерікті ақшалай жарналары 360 миллион сомнан асты. Олар соғыс майданына 2300 тоннаға жуық сәлемдеме жіберіп, 200 мыңнан астам жылы киім жинады.

 Азат етілген өлкелерге де көмектесті

Облыс жұмысшыларының фашистерден азат етілген елді мекендерге  көрсеткен көмегін де айтпай кетуге болмайды.

Волгоград қаласын қалпына келтіруге шығысқазақстандықтар да зор үлес қосты. Облыс зауыттары мен фабрикаларында, колхоз-совхоздарында, мекемелері мен оқу орындарында Волгоградты қалпына келтіруге арнайы көмек қорлары құрылды. Мәселен, Самар ауданы 1943 жылдың сәуірінде қорға 45500 сом аударды, 30 бас ірі қара малдарын да қосты. Зайсан еңбекшілері 282 центнер ет, Тарбағатай жұмысшылары 40 мың сом, 25 центнер бидай, 75 қой-ешкі жіберді. Тарбағатай ауданының колхозшылары Орлов облысының Краснозар ауданына қамқорлық жасап, 400-ден астам ірі қара, 35 мың сом қаражат қосты. Катонқарағай ауданынан Орлов облысының көмек қорына 146 бас ірі қара мал түсті.

Осылайша, соғыстың тек екі жылында колхоздар мен совхоздар азат етілген өлкелерге 127 мың бас мал жіберді, бұл 1944 жылғы жалпы малдың 20 пайызын құрады.

Шығысқазақстандықтар Қызыл әскерге деп жылы киім тікті. Өскемендегі «Победа» артелі, Самар аудандық мүгедектер артелі, Шемонаиха ауылшаруашылық артелі, зыряндық «Горный Алтай» артелі тон тігумен, пима басумен, басқа аудандар малақай, қолғап тігумен, тері өңдеумен айналысты.

Ұлы Отан соғысы жылдарында шығысқазақстандықтар бұрын-соңды болмаған рухани күш-жігер танытып, өздеріне жүктелген міндетті абыроймен орындады. «Бәрі майдан үшін, бәрі жеңіс үшін!» деген ұранмен еңбек етіп, тарихи жеңіске жетті.    

 

Назым Тоқтасынова,

Мемлекеттік архив мекемесінің архивисті

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив