Жыл басынан бері Өскеменнің желілік полициясы 79 құқықбұзушылықты анықтады

2025 жылдың басынан бастап «Өскемен-1» станциясындағы желілік полиция қызметкерлері әуе рейстері бортында және әуежайларда жасалған құқықбұзушылықтар бойынша 79 адамды жауапкершілікке тартты. Көбінесе полицейлер белгіленбеген орындарда темекі шегу (57 дерек), қоғамдық орындарда ішімдік ішу және мас күйде жүру (20 дерек) фактілерін тіркеген, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бұдан бөлек, аса қауіпті оқиға – терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар беру дерегі тіркелді. Құқықбұзушы — Шемонаиха ауданының тұрғыны анықталды. Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 273-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оған бес мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынуы, түзеу жұмыстары, бостандығын шектеу немесе бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.