KZ
Өскемен
+26°
ясно жел 2 м/с, С
512.44 593.15 6.52

Шығыстың әуе жолдары кеңеймек: Зайсан мен Катонқарағайда қос әуежай бой көтеруде (видео)

14.05.2025, 13:30 249 Гульжан Мусина


Шығыс Қазақстан облысында ауқымды көлік инфра құрылымы жобасы жүзеге асып жатыр – өңірде бірден екі жаңа әуежайдың құрылысы басталды. ҚР Көлік министрлігінің ресми өкілі Ләззат Стамғазиеваның айтуынша, бұл нысандар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес салынуда және өңірлік дамудың қозғаушы күшіне айналмақ. Қос әуежайдың құрылысы биыл жыл соңына дейін аяқталмақ, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Зайсан мен Катонқарағайдағы әуежайлар – 2025 жылы еліміздің авиация саласында қолға алынған төрт маңызды жобаның қатарында. Бұлардан бөлек, Маңғыстау облысындағы Кендірлі кентінде жаңа әуежай салынуда, ал Қостанай облысының Арқалық қаласындағы әуе айлағына толық ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Шығыс Қазақстандағы әуежайлардың орналасатын жері климаттық ерекшеліктер, жол қатынасының қолжетімділігі, логистика және бар инфрақұрылым ескерілген соң мұқият таңдалған. Мәселен, Зайсан қаласынан 25 шақырым жерде, Сәтпаев ауылының маңында салынып жатқан әуежай бұрынғы әскери аэродромның негізінде бой көтеруде. Бұл құрылыс жұмыстарын жеңілдетіп, жеделдетуге мүмкіндік берді.

– Таңдалған жер – бұған дейін игерілген аумақ. Бұл өз кезегінде инфрақұрылымдық дайындықты әлдеқайда жеңілдетеді. Сонымен қатар, дәл осы маңнан республикалық маңызы бар автожолдар өтеді. Яғни, жолаушылардың жерүсті қатынасы да ыңғайлы болмақ, – деді Ләззат Стамғазиева.
Катонқарағай әуежайы Калбатау–Майқапшағай бағытындағы автожолға жақын орналасады. Бұл – өңірдің туристік маршруттарына және табиғи көрікті жерлеріне жақын аймақ. Әуежайлардың орнын белгілеу кезінде жел бағыты, метеорологиялық жағдайлар мен автожолдардың жақындығы да басты назарға алынып, ескерілді.

Бастапқы кезеңде қос әуежай ішкі бағыттарға қызмет көрсетпек – ең алдымен Астана мен Алматы бағытындағы рейстер ашу жоспарланған. Дегенмен, болашақта халықаралық рейстерді де қосу мүмкіндігі қарастырылып отыр, әсіресе жазғы туристік маусымда.

Бағыттарға қызмет көрсету үшін аймақтық әуекемелері – CRJ, ATR және Bombardier ұшақтары пайдаланылмақ. Ләззат Стамғазиеваның айтуынша, қазіргі таңда отандық әуе компаниялары осы үлгідегі ұшақтарды сатып алу мәселесін Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы пысықтап жатыр.

Қазір елімізде бес отандық әуе компаниясы жұмыс істейді. Құрылысы аяқталған соң, нақты қай компаниялар жаңа бағыттарда қызмет ететіні белгілі болмақ. Халыққа қолжетімді болуы үшін мемлекет бірқатар рейстерге субсидия бөлуді жоспарлап отыр. Мұндай рейстерге билеттердің бағасы 15–18 мың теңге аралығында болмақ. Бұл – отандық авиация нарығын дамытуға және халықтың көлік қатынасына деген қолжетімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам.

Жаңа әуе айлақтарының мақсаты – шалғай жатқан өңірлерді ел орталығымен байланыстыру ғана емес. Бұл – жергілікті экономиканы жандандыратын ірі тетік. Ләззат Стамғазиеваның айтуынша, тек алғашқы кезеңде-ақ шамамен 600 жаңа жұмыс орны ашылмақ.

– Бүгінде әуежай қызметкерлерін даярлау курстары басталып кетті. Маңыздысы – бұл жұмыстарға тек өзге өңірлерден емес, жергілікті тұрғындар да тартылады, – деп атап өтті министрлік өкілі.

Әуежайлар іске қосылғаннан кейін жолаушылар легінің бірнеше есеге артатыны күтіледі. Зайсан мен Катонқарағай – жыл он екі ай туристерді тартатын өңірлер. Бұл – жазда да, қыста да қызығушылық туғызатын табиғи курорт аймақтары. Әсіресе Катонқарағай бағыты – көркем табиғаты, экотуризм бағыттары мен белсенді демалысқа арналған мүмкіндіктерімен ерекшеленеді.

Көлік инфрақұрылымынан кейін өңірде туризм нысандарының да белсенді дамуы күтіледі: жаңа қонақүйлер, демалыс базалары, қоғамдық тамақтану орындары мен жол бойындағы сервистік кешендер пайда болмақ. Бұл – әлдеқашан дәлелденген даму логикасы: алдымен жол немесе әуежай салынады, артынан бизнестің өзі қалыптасады.

Зайсан әуежайының жалпы аумағы – 185 гектар. Ұшу-қону жолағының ұзындығы – 2200 метр. Жоспарлы өткізу қабілеті – сағатына 150–200 жолаушы. Көлік министрлігінің мәліметінше, жаз мезгіліндегі туристік сұраныс пен демалыс маусымына байланысты бұл көрсеткіш одан әрі артуы ықтимал.

Құрылысты қаржыландыру «Қазаэронавигация» республикалық мемлекеттік кәсіпорны есебінен жүргізілуде. Екі әуежай да 2025 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

Аумағы шағын әрі өңірлік сипатта бола тұра, бұл әуежайлар заман талабына сай жобалануда: қауіпсіз навигация, процестерді автоматтандыру, болашақта жолаушылар мен жүктер ағынын кеңейтуге мүмкіндік бар. Ұшып-қонуға арналған стандартты инфрақұрылымнан бөлек, терминал аумағында сауда нүктелері, дәмханалар мен сервис аймақтары орналаспақ.

Көлік министрлігі атап өткендей, Зайсан мен Катонқарағай – жай ғана ұшу-қону нүктесі емес, бұл – өңір экономикасының өсу хабына, Шығыс Қазақстанның жаңа даму көкжиегінің тірек орталығына айналмақ.

Фото: ҚР Көлік министрлігі

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу