Таза су — жаңа серіктестік: Риддерде табиғи су зауыты ашылуы мүмкін
Шығыс Қазақстан облысының делегациясы Қытай Халық Республикасының Синьцзян-Ұйғыр автономиялық ауданына жұмыс сапары барысында табиғи төмен дейтерийлі мұздық су өндіретін «Синьцзян Сюэду» («Қарлы астана») компаниясының қызметімен танысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Зауыт қызметкерлері делегация мүшелеріне өндірістің технологиялық үдерісін егжей-тегжейлі таныстырды. Ауыз су зауытқа 40 шақырым жерден арнайы құбыр арқылы жеткізіліп, сүзгіден өткізіліп, ультракүлгін сәуле және озон арқылы зарарсызданады. Одан кейін арнайы құтыларға құйылып, сатылымға дайындалады.
Кәсіпорын төрт негізгі бағыт бойынша жұмыс істейді:
- Төмен дейтерийлі жоғары сапалы табиғи су өндіру;
- Сәбилер мен балаларға арналған төмен натрийлі су шығару;
- Шай демдеуге арналған жұмсақ су;
- Медициналық мақсаттағы арнайы су өндірісі.
Мамандардың айтуынша, төмен дейтерийлі су қазіргі таңда Еуропа, АҚШ және Жапония сияқты елдердің денсаулық сақтау салаларында кеңінен қолданылады. Ал Қытайда бұл бағыт енді дамып келе жатқан, болашағы зор сала ретінде бағаланып отыр.
Компания 2022 жылы өткен 7-ші ЭКСПО халықаралық көрмесіне қатысып, өз өнімдерін халықаралық деңгейде таныстырған. Бүгінде зауыт ISO9001 сапа менеджменті, ISO22000 азық-түлік қауіпсіздігі, сондай-ақ HACCP халықаралық стандарттары бойынша сертификатталған және жоғары технологиялы кәсіпорын мәртебесіне ие.
ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов табиғи су өндірісі бағытында тәжірибе алмасу мен серіктестік орнатудың маңыздылығын атап өтті. Осыған байланысты ол Риддер қаласының әкіміне минералды су шығаратын бірлескен кәсіпорын құру мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
Фото: Махаббат Ахметжанова











