Өндіріс аймағындағы түтінге байланысты тексеріс жүргізілді: қауіп жоқ

19 мамыр күні сағат 18:21-де Шығыс Қазақстан облысының төтенше жағдайлар департаментіне Өскемендегі «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ аумағында белгісіз сары түсті газдың таралуы туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына санитарлық-эпидемиологиялық бақылау мамандары мен Ұлттық сараптама орталығының ШҚО филиалының мамандары жедел жетті, деп хабарлайды Altainews.kz.
Жағдайға байланысты облыстық жедел штаб құрылып, мониторинг жұмыстары басталды. Аймақ басшылығы бұл мәселені жеке бақылауына алды.
Ұлттық сараптама орталығының зертханалық қызметкерлері сегіз бақылау нүктесінде атмосфералық ауадан 144 сынама алды. Атап айтқанда, сынамалар мына аумақтарда жүргізілді:
-
Жаңа Согра кенті, Бобровка ауылына бұрылыс,
-
2-көтерілім,
-
Ульба бағытындағы АЖҚС-тен кейінгі жол бөлігі,
-
Тарханка ауылы мен Егорова көшесінің арасындағы автожол,
-
Охотская көшесі, 126 мекенжайындағы санитарлық-қорғау аймағы (СҚА),
-
Озотская көшесі, 94а мекенжайындағы СҚА,
-
Коршунова станциясы,
-
Согрин ЖЭО күл үйіндісі.
Зерттеу барысында хлор, тұз қышқылы, күкірт диоксиді, шаң-тозаң (20–70% және 20%-дан төмен), көміртек тотығы, азот оксидтері, формальдегид, күкіртсутек, озон, аммиак, ацетон, қорғасын және басқа да 18 зиянды заттың шекті мөлшері анықталды.
21:44-дегі жағдай бойынша ауадағы ластаушы заттардың шекті рұқсат етілген концентрациясынан (ШРЕК) асу фактілері тіркелген жоқ. Алайда, мамандар ауа сынамаларын алуды жалғастырып жатыр, себебі ауа райы жағдайы мен дабыл түскен уақыт арасындағы кідіріс өлшеу нәтижесіне әсер етуі мүмкін. Қазіргі таңда тұрғындарға қауіп төніп тұрған жоқ.
Айта кету керек, кәсіпорын басшылығы апаттық шығарындылардың болғанын растамай отыр. Сонымен қатар, улану белгілерімен медициналық мекемелерге жүгінген тұрғындар тіркелмеген.
Қазіргі уақытта оқиға орнында Төтенше жағдайлар департаментінің, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының, Ұлттық сараптама орталығы филиалының, Экология департаментінің және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері жұмыс істеуде.