KZ
Өскемен
-22°
туман жел 1 м/с, С
504.6 594.27 6.48

ШҚО-да тек 8 жағажай қауіпсіздік талаптарына сай келеді (видео)

20.05.2025, 17:30 351 Айна Бакимбаева

Жаз келіп, демалыс маусымы жақындаған сайын суға шомылу мәселесі де күн тәртібіне шығады. Осыған орай, Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Дәурен Ағажаев БАҚ өкілдерімен көшпелі брифинг өткізіп, өңірдегі су айдындарындағы қауіпсіздік шаралары туралы егжей-тегжейлі баяндады. Брифинг облыс орталығындағы «Самал» жағажайында өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Облыс әкімдігінің қаулысына сәйкес, биыл жазғы маусымда өңір бойынша жаппай демалуға арналған 25 учаске белгіленген. Мамандардың айтуынша, олардың тек сегізі ғана қазіргі таңда қауіпсіздік талаптарына сай жабдықталған. Бұл орындар Өскемен, Риддер қалаларында және Ұлан ауданында орналасқан. Қалған 17 жағажайда қауіпсіздік талаптары толық орындалмаған. Сонымен қатар, облыстық мәслихат сессиясының шешімімен 74 орында шомылуға, 29 жерде шағын көлемді кемелерде жүзуге тыйым салынған.

Өткен шомылу маусымында құтқарушылар 23 адамның, оның ішінде 4 баланың өмірін аман алып қалды. Алайда рұқсат етілмеген жерлерде суға түскен 4 адам, оның ішінде бір бала қаза тапты. Қайғылы жағдайлардың негізгі себептері: жабдықталмаған жағажайларда шомылу, сақтық шараларын сақтамау, жүзе алмау және балаларды қараусыз қалдыру.

– Жағажайлардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінуі тиіс. Маңызды шаралардың бірі – су түбін тексеру және тазалау. Мамыр айынан бастап жазғы сауықтыру лагерьлері мен жағажай иелерінен құтқару қызметіне өтініштер келіп түсуде. Облыста төрт лагерьде арнайы жағажай және бассейн бар. Құтқарушылар су астын зерттеп, акваторияны белгілеп, маусымға дайындық жұмыстарын бастап кетті, – деді басқарма бастығы Дәурен Ағажаев.

Құтқарушылар тұрғындарды тек рұқсат етілген, жабдықталған жағажайларда шомылуға шақырады. Су айдындарындағы тыйым салынған аумақтарда ағыс қатты болуы немесе су түбі қауіпті элементтерге толы болуы мүмкін.

Айта кетейік, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес, судағы қауіпсіздік ережелерін бұзғандар 364-бап (жалпы су пайдалану ережелерін бұзу) және 412-бап (су айдындарындағы қауіпсіздік талаптарын бұзу) бойынша жауапкершілікке тартылады.

Фото: ШҚО ТЖД

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу