ШҚО-да биылғы шомылу маусымында 4 бала құтқарылды
Биыл облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері ағымдағы шомылу маусымында 19 адамды құтқарды. Оның ішінде төртеуі бала. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында аталмыш департамент басшысының орынбасары Қуатбек Кенжебекұлы мәлім етті.
– Өңір бойынша 22 аумақта шомылуға рұқсат берілді. Соған орай, біздің қызметкерлер су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және адам өлімінің алдын алу мақсатында арнайы жоспар бекітті. Рейдтер жүргізілді, - деді басқарма басшысының орынбасары.
«Жас құтқарушы» үйірмесі 560 балаға судағы қауіпсіздік ережелерін үйретті. Сонымен қатар өрт сөндіру бекетінде мектеп оқушыларымен және жас құтқарушылармен 22 тәжірибелік сабақ өткізілді. Брифингке қатысқан облыстық төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының офицері Ерік Тұрсынғалиев осылай деді.
– Жыл басынан бері 1645 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға шамамен жалпы сомасы 14 531 712 теңгені құрайтын айыппұл салынды, - деді Ерік Тұрсынғалиев.
Айта кетейік, өңірдегі суға шомылуға арналған 22 аумақтың 14-і су қоймаларындағы қауіпсіздік ережесіне сәйкес жабдықталмаған. Соған орай, алдағы уақытта Алтай ауданындағы 2 коммуналдық жағажай, Катонқарағайдағы 1, Самар ауданына қарасты 7, Ұлан ауданындағы 4 жеке жағажайда тиісті жұмыстар жүргізілетін болады. Нәтижесінде судағы қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, өз кезегінде демалушылар да алаңсыз тынығып қайтатын болады.
Ажар Сағатпекова