Өскемен – Шемонаиха бағытындағы жол жаңартылуда
Шығыс Қазақстанда республикалық маңызы бар автожолдарды жөндеу қарқынды жүргізілуде. Биыл өңірде жалпы ұзындығы 357 шақырым жолды қайта жаңарту көзделсе, оның ішінде халықаралық маңызы бар Өскемен - Шемонаиха бағытындағы 93 шақырымдық учаске де бар.
Аталған жол бөлігінде бүгінгі таңда рециклдеу технологиясы кеңінен қолданылып келеді. Бұл – ескі асфальт жабындысын қайта өңдеп, жаңғыртылған жол қабатына пайдалануға мүмкіндік беретін заманауи әдіс. Жоба жетекшісі Сеиіл Соқыровтың айтуынша, мұндай тәсіл жолдың қызмет ету мерзімін ұзартып, бюджет шығынын едәуір үнемдеуге жол ашады.
Қазіргі таңда Өскемен – Шемонаиха жолының 30 шақырымына жаңа асфальт төселіп, бұл жоспардың 30 пайызы орындалғанын көрсетеді. Құрылыс жұмыстары тәулік бойы жалғасуда: күндіз – ескі жабындыны бұзып, қайта өңдеу, түнде – асфальт төсеу жұмыстары жүргізіледі.
Жұмыстардың сапасы Жол активтері сапасының ұлттық орталығы ШҚО филиалының тұрақты бақылауында. Мамандар нысан басына жиі шығып, арнайы зертханалық сынамалар алып отырады.
Рециклдеу технологиясы Өскемен – Шемонаиха бағытымен қатар Өскемен – Риддер жолында да қолданылуда.
Жалпы алғанда, ШҚО бойынша республикалық маңызы бар автожолдарды орташа жөндеуге 2024–2025 жылдары 37 млрд теңге бөлініп отыр. Оның 11 млрд теңгесі өткен жылы игерілсе, биылғы жылдың еншісіне 26 млрд теңге тиесілі. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ШҚО филиалы директорының орынбасары Алмас Хасенов мәлімдеді.
Мемлекеттік мекемелер мен мердігер ұйымдардың үйлесімді жұмысының арқасында өңірдің жол инфрақұрылымы кезең-кезеңімен жаңарып, қалааралық және халықаралық қатынастардың сапасын арттыруда.
“Жол активтері сапасы ҰО” ШҚОФ деректері негізінде әзірлеген Әл-Сана Азамат
Фото: «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ШҚОФ