Шығыс Қазақстанда 2100 шақырым туристік жол жөнделмек
Биыл Шығыс Қазақстан облысында туристік маңызы бар барлық жолдарды жөндеу жұмыстары аяқталмақ. Бұл туралы ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Ірі жобалардың бірі – былтыр толық қайта жаңартылған Талдықорған – Өскемен (768 км) трассасы. Жол екінші техникалық санат бойынша жаңғыртылды. Сонымен қатар, ұзындығы 415 км болатын Қалбатау – Майқапшағай автожолының қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Биыл осы бағыттағы жаңартылған учаскелер пайдалануға беріледі.
2025 жылы бірнеше маңызды бағытта орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі:
- Өскемен – Семей (195 км): 91 км орташа жөндеу (оның ішінде ШҚО аумағында 18 км, Абай облысында 73 км);
- Өскемен – Шемонаиха (93 км): орташа жөндеу;
- Өскемен – Риддер (105 км): орташа жөндеу;
- Теректі – Үрунхайка (60 км): орташа жөндеу;
- Австрия жолы (60 км): орташа жөндеу.
Сонымен қатар, туристік ағынның басты бағыттарының бірі болып табылатын Өскемен – Катонқарағай (450 км) маршруты бойынша ауқымды жұмыстар атқарылмақ. Мұнда 27 км қайта жаңғырту және 152 км орташа жөндеу көзделген.
Өңірдегі жол желісін жаңарту туризмді дамытуда және облыстың көлік қолжетімділігін арттыруда стратегиялық рөл атқарады. Шығыс Қазақстан ұлттық парктерімен, көлдерімен және таулы аймақтарымен танымал. Жол сапасын жақсарту саяхатшылар үшін қолайлы жағдай жасайды әрі өңір экономикасына оң әсерін тигізеді.
Көлік министрінің айтуынша, барлық жұмыстардың аяқталуы жолдардың қауіпсіздігі мен сапасын арттырып қана қоймай, өңірдің туристік әлеуетінің дамуына жаңа серпін береді.
Дамир Омаров
Фото: Даниил Суворов