KZ
Өскемен
+28°
ясно жел 3 м/с, СБ
512.44 593.15 6.52

ШҚО: Өскеменде салынатын жаңа жолайрық жол қозғалысындағы көптеген түйткілді шешпек

22.05.2025, 18:50 314 Айдос Мырзахметов


Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскемен қаласында тұрғындар көптен бері күткен жол қозғалысы мәселесін шешуге бағытталған жолайрық құрылысы басталды. Нысанның құрылысы екі кезеңге бөлінген. Бірінші кезеңде — 2025 жылдың соңына дейін айналма жол салынып, қозғалыс уақытша сол арқылы жүргізілмек. Ал негізгі жолайрық, яғни екінші қабаттағы көпір құрылысы 2026 жылы аяқталады деп жоспарланған.

Жұмыс барысының қарқынын бағамдаған аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов құрылыс алаңында болып, мердігерлердің есебін тыңдап, жоспарларымен танысты.

— Біз жолайрықтың құрылысын сапалы әрі уақытында аяқтауға тиіспіз. Өз тараптарыңыздан жобаның қымбаттап кетпеуін қадағалауларыңыз керек. Бюджетті үнемдеуді ескеріңіздер, — деді облыс әкімі құрылыс алаңында жауаптыларға.

Аталған жобаның ерекшелігі — жол үстіне жол салынуында. Екі қабатты көпір «Халифа Алтай» мешітінің жанындағы жаяу жүргіншілер өткелінен басталып, Сәтпаев даңғылы мен Есенберлин көшесіне қарай екі бағытта тарайды. Көпірдің астында толыққанды айналма жол орналаспақ.

Мұндай шешім Өскемен қаласындағы ең тығыз көлік қозғалысы байқалатын көше қиылыстарының бірінде көлік ағынын (қазір көлік ағыны тәулігіне 85 мың) екі есеге дейін арттыруға мүмкіндік береді. Қозғалыс жылдамдығы артып, кептеліс азайып, жүргізушілер діттеген бағытына қысқа уақытта жете алатын болады.

— Кейін жолды уақытша жауып, көпір өткелінің құрылысын бастаймыз. Бұл өткел ЖМК шағын ауданы мен қаланың орталық бөлігін Сәтпаев және Есенберлин көшелері арқылы бағдаршамсыз, кедергісіз байланыстырады, — дейді жоба жетекшісі Асхат Рахимов.

Мердігер компания қазіргі уақытта өз күшімен көпір бағаналарын дайындап жатыр. Өткелге барлығы 219 бағана қажет болса, соның 104-і дайын. Жыл соңына дейін бұл жұмыс толық аяқталмақ.

Айта кетейік, «Сәтпаев–Жібек жолы» жолайрығы жобасының тапсырысшысы — Өскемен қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі.

Жобаның жобалаушысы және авторлық қадағалаушысы — «Аван Гард Проект Инжиниринг» ЖШС, ал техникалық қадағалауды «Vostok STD Company» ЖШС жүзеге асыруда.


Фото: Екатерина Семина 

Видео: Жәнібек Ырысбай

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу