Күршім көпірінің құрылысы басталды. Алдымен жол жатақхана, электр желілері
2021 жылдың 1 ақпанынан бастап «Бұқтырма су қоймасы» арқылы өтетін көпір құрылысының дайындық жұмыстары басталып кетті, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Бұл туралы Күршім ауданының әкімдігі хабарлады.
Аталған нысан бойынша өткен конкурстың жеңімпазы деп табылған «ОблШығысЖол» ЖШС директорының құрылыс жөніндегі орынбасары Айдар Мамиевтың айтуынша, алдымен көпірге дейінгі айналма жол салынды. Сонымен қатар, геодезиялық, электр желісін тарту бойынша да жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Ендігі кезекте техникалық жол салынуда. Аталған жұмыстарға 5 самосвал, 2 бульдозер, 2 грейдер техникалары тартылған. Бұл жұмыстар бір ай көлемінде аяқталады.
Көпір құрылысына тартылған жұмысшылар үшін 250 орындық жатақханасымен құрылыс қалашығы салынатын болады.
Жалпы көпір құрылысын салу бойынша жұмыстар бекітілген жоспарға сай атқарылатын болады.