Риддер орман алқабында ауқымды оқу-жаттығу өтті (видео)
ШҚО-да «Өрт-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуларының екінші күні өтіп жатыр.
Оқу жаттығулар жұмысына Риддер қаласы әкімдігі, ШҚО Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармасы, Риддер, Пихта, Черемшанка, Верх Уба орман шаруашылықтары мен Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығы қатысты. Сонымен қатар ҚР Ұлттық Ұлан 5518 «Шығыс» әскери бөлімінің күштік құрылымдары мен ШҚО ТЖД бөлімшелері, жергілікті полиция қызметі жұмылдырылды.
Жаттығу сценариі бойынша өрт «Риддер орман шаруашылығы» КММ аумағын шарпып, Риддер қаласына таралу қаупі туындады. Оқиға орнына келген «Риддер орман шаруашылығы» қызметкерлері өртті сөндіру жұмыстарына кірісті. Көмекке келген «МИ-2» тікұшағы от жиегіне шабуыл жасау үшін өрт сөндіруші-десантшыларды түсірді. Жедел штаб құрылып, қосымша күштер мен құралдар – Орман және аңшылық шаруашылығының жедел ден қою жасағының бөлімшелері жұмылдырылып, өрттің таралуына тосқауыл қою шаралары жүргізілді.
ШҚО ТЖД қызметкерлері өртпен автоцистерналар, орманға арналған арқа сөндіргіштері арқылы күресуде. ҚР ТЖМ-нің екінші құтқару батальонының әскери қызметкерлері оттың таралуына жол бермеу үшін шанцевтік құралдармен от жиегін қоршап жатыр. Өрт сөндіру пойызы орман алқабына су жеткізуді ұйымдастырса, ҚР ТЖМ «Қазавиақұтқару» тікұшағы су төгу құрылғысы арқылы өртті ауа арқылы сөндіруде.
Полиция қызметкерлері өрт сөндіру жұмыстары жүргізіліп жатқан аумақты қоршауға алды.
ҚР ТЖМ «Апаттар медицинасы орталығының» ШҚ филиалының дәрігерлері зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсету үшін санитарлық-эвакуациялық реанимобиль орналастырды.
Күрделі әрі көп сағаттық өртпен күрес, құтқарушылар, орманшылар, әскери қызметкерлер және жергілікті атқарушы органдардың бірлескен әрекеттері 150 гектар аумақты шарпыған шартты өртті толықтай тоқтатуға мүмкіндік берді.
Фото: Екатерина Семина















