Баға өсімінің алдын алу – басты мақсат: тұрақтандыру қорының павильондарына мониторинг жүргізілді
«Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына қарасты сауда павильондарында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру бойынша мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асырылу барысына мониторинг жүргізілді.
Шараға мемлекеттік корпорация өкілдерімен қатар, ШҚО Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы мен ШҚО Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің мамандары қатысты.
Айта кетейік, баға тұрақтандыру бағдарламасының жүзеге асырылуы «Ертіс» ӘКК» АҚ-ның салалық департаменті тарапынан тұрақты бақылауда. Сонымен қатар, уәкілетті мекемелер де жоспардан тыс тексерулер мен мониторингтер жүргізіп, сауда барысының нақты жағдайына бағалау жасап отырады.
ШҚО Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Асхат Сағидолдиннің айтуынша, сауда павильондарында ұсынылып отырған өнімдердің сапасы барлық белгіленген талаптарға сәйкес келеді.
«Ертіс» ӘКК» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Таңат Сағатұлы өз кезегінде, көктем-жаз кезеңінде тұрақтандыру бағдарламасын жүзеге асыру айрықша маңызды екенін алға тартты.
Бағаны тұрақтандыру бағдарламасы – халықты қолдаудың маңызды құралы ретінде жүйелі түрде жүзеге асырыла бермек.



