Азық-түлік бағасы бақылауға алынған - ШҚО
ШҚО-ның тоғыз ауданы мен қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тежеу, тұрақтандыру мақсатында 1046 сауда орнымен сауда үстемесін 7-10 пайыздан асырмау туралы меморандумдар жасалған.
Индустриялық-инновациялық даму және кәсіпкерлік басқармасының ақпараты бойынша, Өскеменде – 160, Риддерде – 11, Алтай ауданында – 62, Катонқарағай – 30, Глубокое – 38, Самар – 92, Тарбағатай – 8, Ұлан – 68, Шемонайхада екі сауда орнында арзан бағадағы азық-түліктер сатылып жатыр, деп хабарлайды Altaynews.kz сайты.
Облыстағы 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасы туралы күнделікті ақпаратты stat. gov. kz сайтынан көруге болады.
14 ақпанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлар бағасының индексі 102,9 пайызды құраған. Былтыр «Ертіс» ӘКК арқылы «Агрофирма Приречное» ЖШС, «Мусин» ШҚ мен келісімшарттар жасалып, тұрақтандыру қорына алынатын картоп, сәбіз, қырыққабат өнімдерінің бағасын тежеу үшін оларға қаржылай қарыздар берілген.
Арзан бағадағы бұл көкөністер өткен жылдың қараша айынан бастап Өскемендегі 23 сауда нүктесінде және кейбір аудан орталықтарында сатылып жатыр. Тұрақтандыру қорының өнімдері мамыр айына дейін саудаланады.
ШҚО индустриялық-инновациялық даму және кәсіпкерлік басқармасының басшысы Елдар Байрахметовтің айтуынша, ақпан айынан бастап тұрақтандыру қорының көкөністерін сататын сауда нүктелерінің саны 68-ге жеткен. Тұрақтандыру қорындағы төмендетілген бағамен сатылып жатқан азық-түліктер мен көкөністердің мекенжайлары, бағалары туралы ақпаратты spkertis.kz сайтынан көруге болады.
Облыстағы 1046 сауда орнымен, шаруашылықтармен, толайым сауа нүктелерімен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне 7-10 пайыздан артық сауда үстемесін қоспау туралы меморандумдар жасалған, сондай-ақ облыста 17 әлеуметтік дүкен, 227 әлеуметтік сауда бұрышы жұмыс істеп тұр. Жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге өз өнімдерін үстемесіз сатуға тұрақты түрде 279 сауда орны беріліп келеді.
«Ертіс» ӘКК» мемлекеттік бағдарламалар департаментінің директоры Артем Демидовтың мәліметінше, бағаны тұрақтандыруға қатысты Үкімет тапсырмасына орай ақпан айынан бастап тұрақтандыру қорының сауда нүктелерінде күнделікті сатылып жатқан көкөністердің көлемі 30 пайызға арттырылған. Келісі 110 теңгеден сатылып жатқан сәбіз мамырға дейін, картоп 15 мамырға дейін, қырыққабат сәуірге дейін саудаланатын болады.