KZ
Өскемен
-27°
туман жел 1 м/с, С
509.63 592.34 6.54

Бала арманы - болашаққа жетелер қанат (видео)

27.05.2025, 16:45 323 Айна Бакимбаева

«Үміт» балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілерінің қандай армандары бар? Бақытты мектеп дегеніміз қандай болу керек? Заманауи мектептерде не жетіспейді? 1 маусым – Балаларды қорғау күні қарсаңында облыстық білім басқармасының басшысы Инесса Чернышевамен кездескен балалар өңірдің бас педагогына өз ойларын ашық айтып, арман-мақсаттарымен бөлісті, деп хабарлайды  Altainews.kz тілшісі.

Бұл – жай ғана кездесу емес, шын мәнінде арман мен тілек туралы ашық әңгіме алаңы болды. «Бала әл-ауқаты – мемлекеттің қамқорлығында» тақырыбында өткен дөңгелек үстел барысында балалар өз армандарын, мақсат-мұраттарын, тілектерін ашық айтты. Олар мектеп өмірінде нені өзгерткілері келетінін, не жетіспейтінін бүкпесіз жеткізді. Айтылған ұсыныстар мен ойлар өзекті әрі қызықты болды. Соның ішінде тарих пәніне қатысты ерекше ұсыныс айтылды: балалар тарихты оқытуға жаңа технологияларды енгізіп, өткенді виртуалды әлемде сезінгісі келеді. Яғни, қазіргі өмір мен ата-бабаларымыздың тіршілігін салыстыра отырып, тарихты тереңірек ұғынғысы келеді.

— Шын мәнінде, балалар арманы – бұл болашақтың бастауы. Біз, ересектер, сол армандардың орындалуына жол ашуымыз керек. Бала бақытты болса – ол ертеңгі бақытты азамат. Ал бақытты азаматтар көп болған жерде – қоғам да гүлденеді. Ең бастысы – барлық балаларға зор денсаулық тілеймін. Барлық бала бақытты болуға лайық. Ал олардың қауіпсіздігі мен амандығын қамтамасыз ету – біздің міндетіміз, – деп атап өтті облыстық білім басқармасының басшысы Инесса Чернышева.

Орталықтың биылғы түлектерінің бірі Кира Кузьменко заманауи мектептерге не жетіспейтіні туралы ой қозғаса, Рината Шемпаева сабақтарды қалай қызықты өткізуге болатынын айтып берді. Ал Алина Грединаның мұғалім мен оқушы арасындағы қарым-қатынас, достық рәуіші жайлы айтқандары көпшіліктің көңілінен шықты.

— Кейбір мұғалімдер сабақ барысында бір-екі оқушымен ғана жұмыс істейді, ал қалған балалар назардан тыс қалып қояды. Егер мұғалім барлық оқушыға бірдей көңіл бөлсе, олардың да оқуға деген ынтасы артар еді, – дейді Алина.

Мектеп бітіруші Наталья Дружинина мектеп асханасындағы тамақтану және жалпы ауқаттану мәдениеті туралы өз пікірімен бөлісті.

— Бүгінгі дөңгелек үстелде көтерілген барлық мәселе – әр баланың арманы мен көзқарасы туралы болды. Әр баланың жүрегінде арман бар, әрқайсысының өз пікірі бар. Мен балаларымыздың ашықтығына, шынайылығына, батылдығына риза болдым. Олар ойларын бүкпесіз айтып, үлкендермен еркін пікір алмаса білді, – дейді орталық директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сәуле Әлімбаева.

Балалар өз ойлары мен идеяларын ашық жеткізді. Қойылған әр сұраққа саналы түрде жауап бере білді. Бұл – олардың орталықта бірнеше жыл бойы тәрбие алып, тұлға ретінде қалыптасып келе жатқанының белгісі.

Сәуле Ақанқызының айтуынша, орталықта балалар үшін барлық жағдай жасалған. Мұнда балалар топтарға емес, шағын аудандар мен көшелерге бөлінеді. Мысалы, бұрынғы «бірінші топ», «екінші топ» деген атаулардың орнына қазір «Абай даңғылы, 1-пәтер» сияқты нақты мекенжайлық атаулар берілген. Бұл тәсіл балалардың болашақ өмірге бейімделуіне көмектеседі.

— Оларға «Сен қай көшеде тұрасың? Қай пәтерде тұрасың?» деген сұрақтар қою арқылы біз оларды нақты өмірлік жағдайларға үйретеміз. Себебі әр бала өзін жеке тұлға ретінде сезініп, қоғамда өз орнын табуы керек, – дейді директордың орынбасары.

Кеш соңында оқуда және спортта үздік жетістіктерге жеткен оқушылар Алғыс хаттармен марапатталып, мерекелік концертке ұласты.

 Фото/видео: Ермек Жиенбеков

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу