Облыс әкімі жұмыс сапарымен Семейде жүр
Маусымның 1-і Халықаралық Балаларды қорғау күні Семейде ерекше түрде өзіндік сән-салтанатымен аталып өтілді. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов арнайы келіп, Орталық алаңда балаларға құттықтауын, игі тілегін жеткізді. Балаларға жаздық демалыс үшін арнайы сертификат тапсырды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
-Біз балаларға барлық жағдай жасауымыз керек,-деді облыс басшысы Даниал Кенжетайұлы,-балалар біздің болашағымыз,ертеңіміз. Аспанымыз ашық болып, бейбіт өмір аясында балапандарымызды қорғап, аман - есен өсіріп,жеткізе берейік.
Халықаралық Балаларды қорғау күнінде қала бойынша 10-нан астам мерекелік алаң жұмыс істеп тұрды. Қаладағы Абай атындағы және Ф. Достоевский атындағы драма театрларда «Қаңбақ» және «Жила-была сыроежка» атты ертегілік қойылымдар берілді. Оған әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың 500 баласы және мүмкіндігі шектеулі 200 бала тегін барды.
Арнайы әлеуметтік көмек көрсету Орталығы да өздерінің қарамағындағы балалар үшін мереке ұйымдастырыпты. Бұл күні көптеген орындарда балалар үйінің балалары, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін қайырымдылық шаралары да молынан өтті.
Әсіресе, балалар демалуды бастаған мектеп жанындағы лагерьлер, спорт мектептері мен балалардың биологиялық орталығында мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды. Спидкубинг бойынша қала құрама командасы осы ойын тақтасына қатысамын дегендерге шеберлік сағаттарын көрсетті. Балалардың және жастардың Орталық алаңда өткен музыкалық парадтары әркімді болсын таңғалдырды. Әр музыкалық ұжым өздерінің жеткен жетістіктері мен табыстарын паш етті. Шеруге колледждер мен мектеп оқушылары қатысты. Шеру бірнеше бөлімнен тұрды, атап айтқанда патриоттық, шығармашыл-мектеп, спорттық және орта арнайы деп аталды.