Ақш-тан тәжірибе алып қайтты
Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау қызметінің бастығы подполковник Ғалым Ахмиев Американың Абердин қаласындағы ғылыми зертхананың сынақ полигонында болды.
Әскери қызметші АҚШ әскерінің жауынгерлік қабілетін дамытуға арналған ғылыми зертханасында жүргізілген зерттеу жұмыстарына белсене қатысты.
1917 жылы құрылған әскери ғылыми нысан радиациялық, химиялық, және биологиялық қорғау саласында тың жаңалықтар ашып, әскер саласына қажетті қорғаныс жабдықтарын шығарып келеді.
Әскери ғылыми орталық жыл сайын ұзақтығы екі аптадан бір айға дейін созылатын 11 курс ұйымдастырып келеді. Даярлау курсына қатысқан ұландық қорғау жабдықтарына арналған әртүрлі құрылғыларды жобалау және әзірлеу бөлімдерімен етене танысты.
Сонымен қатар іс-сапар барысында Ұлттық ұланның радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау бөлімшелерінің далалық жұмыстары барысында техникалық құрылғылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Құрлық асып, біліктілігін арттырған офицер ұландықтарға құнды ақпараттарымен бөлісуде.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі.
