KZ
Өскемен
-8°
туман жел 1 м/с, С
512.83 600.58 6.36

Үлкен Нарын – туризмнің жаңа тұғырында: бірнеше туристік алаң салынбақ

30.05.2025, 11:30 352 Айдос Мырзахметов

Үлкен Нарын ауылында өткен Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің көшпелі отырысында туризм мен кәсіпкерлікті дамыту мәселелері кеңінен талқыланды, деп хабарлайды  Altainews.kz тілшісі.

Аудан әкімі Елдос Байрахметовтың айтуынша, Үлкен Нарын өңірі емдік-сауықтыру, экологиялық және спорттық туризмді дамытуға аса қолайлы. Мұнда туристерді қабылдайтын алты нысан жұмыс істеп тұр: «Приморск» демалыс базасы, екі қонақүй, «Абзал» пантоемдеу орталығы және «Арайлы Шығыс» пен «Сұңқар» атты екі балалар лагері. Бұл орындар өңірге тұрақты туристік ағым қалыптастырып, жергілікті экономиканың қозғаушы күшіне айналып отыр.

Мемлекет пен бизнестің тиімді әріптестігіне мысал ретінде аудан әкімдігі мен «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының бірлескен жобасы аталды. Нәтижесінде заманауи жол бойындағы сервистік нысан іске қосылып, инфрақұрылым жақсарып, кәсіпкерлікке жаңа серпін берілді. Ұқсас жоба алдағы уақытта Солдатово ауылында да жүзеге асырылады. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашуға және жергілікті бизнеске дем беруге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, еліміздегі жетекші кәсіпкерлердің бірі Свинчатка ауылынан демалыс базасын салуға ниет білдіріп отыр. Бұл жоба арқылы өңірдің табиғи әлеуеті толықтай іске асырылып, саланың дамуына тың тыныс қосылады.

Аудан көлемінде бірнеше маңызды бастама қолға алынған. Атап айтқанда, Балғын ауылында асфальт-бетон зауытының құрылысы жүріп жатыр. «Приморск» демалыс базасы кеңейтілуде. Сондай-ақ, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында кәсіпкер Д.Қасенов ет өнімдерін өңдейтін шағын цех ашып, қажетті құрал-жабдықтар сатып алып, жұмысты бастап кетті.

ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша, туризм мен шағын және орта бизнес – аудан экономикасының тірегіне айналуы тиіс. Ол үшін инфрақұрылымды дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және қызмет көрсету сапасын жақсарту маңызды екенін атап өтті.


Дамир Омаров
Фото: Махаббат Ахметжанова

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу