Туризмнің жаңа белесі: Жол бойы сервистер ашылып, демалыс базалары кеңейтілуде
Шығыс Қазақстанның Үлкен Нарын ауданы туристік әлеуетін нақты жобалармен дәлелдеп келеді. ШҚО әкімінің бүгінгі Үлкен Нарын ауданындағы көшпелі отырысында жол бойындағы сервистік бекеттер салына басталғаны айтылған еді. Дәл осындай келесі нысан Солдатово ауылында бой көтеретіні белгілі болды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бұл жоба жаңа жұмыс орындарын ашып, ауыл кәсіпкерлеріне дем береді деп күтілуде. Бұдан бөлек, белгілі қазақстандық кәсіпкер Свинчатка ауылында демалыс базасын салуды жоспарлап отыр. Ал «Приморск» демалыс аймағының кеңейтілуі өңірге келетін туристер ағынын ұлғайтпақ.
Аудан әкімінің айтуынша, Үлкен Нарын – ауыл шаруашылығымен қатар, шипажайлық, экологиялық және спорттық туризмді дамытуға қолайлы мекен. Бүгінде мұнда туристерді қабылдайтын 6 нысан жұмыс істейді: «Приморск» демалыс базасы, екі қонақүй, «Абзал» пантоемдеу орталығы және балаларға арналған «Арайлы Шығыс» пен «Сұңқар» сауықтыру лагерьлері.
2025 жылдан бастап аудан әкімдерінің жұмысы нақты көрсеткіштер – KPI жүйесімен бағаланады. Үлкен Нарын бұл бағытта да алда келеді. Аудан бойынша жоспарланған көрсеткіштерге сай бірнеше жоба жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, Балғын ауылында асфальт-бетон зауытының құрылысы басталған. Ал жеке кәсіпкер Д.Қасенов «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы аясында ет өнімдерін өндіретін жабдықтар сатып алып, өз кәсібін жолға қойған.
Табиғаты тұмса, тарихы терең бұл өңір алдағы уақытта туристерді тек демалыспен ғана емес, ұлттық өніммен, кәсіпкерлік серпінмен де қызықтыра түсетіні анық.
Фото: Махаббат Ахметжанова




