«Халық заңгері»: шығысқазақстандықтарға тегін құқықтық кеңес берілді (видео)
Шығысқазақстандықтар мемлекеттік органдар мен кәсіби заңгерлерден тегін кеңес алды. 30 мамырда Өскемен, Алтай, Риддер қалаларында және Күршім ауылында өткен «Халық заңгері» республикалық акциясына келген азаматтардың көкейтесті сұрақтарына облыстағы құқық қорғау органдары саласының жетекші мамандары, әкімдіктердің басқармалары мен бөлімдерінің өкілдері жауап берді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Өскеменде өткен акцияға кәсіби заңгерлер, нотариустар, прокурорлар, полицейлер, сот орындаушылары, мемлекеттік органдардың басшылары, облыс әкімдігі басқармаларының өкілдері және басқа да ұйымдардың мамандары қатысты.
Акцияның мақсаты – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, өзекті мәселелерді шешу және тегін құқықтық көмек көрсету.
«Халық заңгері» ауқымды республикалық акциясы 2025 жылғы 30 мамырда еліміздің барлық қалалары мен елді мекендерінде бір уақытта өтіп жатыр. ҚР Үкіметінің қолдауымен жыл сайын өткізіліп келе жатқан бұл шараны ұйымдастырушылар – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, ҚР Әділет министрлігі, Zakon.kz желілік басылымы, «Параграф» ақпараттық жүйесі, Prosud.kz желілік басылымы, Республикалық адвокаттар алқасы, мемлекеттік билік органдары мен Қазақстанның үздік заңгерлері және адвокаттары.
Өскеменде өткен «Халық заңгері» акциясына келушілердің қатары аз болған жоқ. Өскемендік Татьяна Маланичеваны мазалап жүрген мәселе – құжаттарының дұрыс болмауына байланысты экологиялық төлемдерді ала алмауы екен. Әділдік іздеген азаматшаға облыстық заң кеңесшілері палатасының өкілі Алыстан Маратов кеңес беріп, қандай құжаттарды жинау керектігін, қай сотқа және қалай жүгіну қажеттігін жан-жақты түсіндіріп берді.
Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басқармасының басшысы Гүлмира Сабралимова жеке тұлғаның банкроттығы бойынша кеңес сұрап келген қала тұрғынына кеңес беріп, қаржы институттары алдындағы бірнеше жылдан бері жиналып қалған қарызын қайтара алмай жүрген жанға банкроттықты рәсімдеудің жолдарын, борышкер тарапынан жасалуы тиіс нақты қадамдарды анықтап көрсетіп, жан-жақты түсіндіріп берді.
Бала асырап алу, мүгедектікке байланысты берілетін жәрдемақы, жұмыссыздық және басқа да сұрақтармен келген азаматтардың бәрі акция барысында жауапты органдардың өкілдерімен тілдесіп, толғандырған мәселелеріне заңгерлерден толыққанды жауап алды.
2016 жылдан бері өткізіліп келе жатқан «Халық заңгері» акциясы қазақстандықтардың кең қолдауына ие болып отыр. 2016 жылдан 2024 жылға дейінгі аралықта акцияға 10 000-нан астам үздік сарапшы мен мемлекеттік орган өкілдері қатысқан. Осы уақыт ішінде 300 000-нан астам азамат тегін құқықтық көмек алған.
Сарапшылар «Халық заңгері» акциясы ауқымы мен өткізілу географиясы жағынан бірегей жоба екенін, мұндай форматтағы шараның Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде баламасы жоқ екенін айтады.
Фото/видео: Жібек Нұрахмет










