Таксидегі тың шешім: Өскеменде караоке-көлік жолаушыға көңіл-күй сыйлап жүйткіп жүр (видео)
Өскемен көшелерінде кәдімгі көлікке мініп, караокемен ән айтып, жол бойы лолипоп кеміріп бара жатсаңыз – таңғалмаңыз. Бұл қаладағы кәдімгі такси емес – тәттілерге толы, жарқ-жұрқ шамдармен безендірілген кілең бір көңіл көтеру алаңы деуге болады! Музыка, күлкі, тіпті баланың шат-шадыман көңілі – мұның бәрі бір көліктің ішінде үйлесім тапқан, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Басты кейіпкер – бала арманына жан бітірген әке
Оқиға кәдімгі бір отбасы кешінен басталған. Тәжірибелі такси жүргізуші Рустам Тоқжігітов бір күні ұлының тосын ұсынысын естиді: “Әке, неге сенің көлігің көңілсіз? Оған жарық қойып, тәтті беріп, караоке қоссақ қалай болады?”
Бастапқыда жай әзілге ұқсап көрінген идея келесі күні-ақ нақты іске айналды. Рустам көлігінің ішін түрлі тәттілермен толтырып, алғашқы “дәмді рейстеріне” шықты. Жолаушылар риза. Тәттілермен басталған бұл тәжірибе көп ұзамай караокеге ұласты. Қазір бұл көліктің іші – нағыз мини-дискотека!
Қарбалас күндерге – ырғақты үн
Көліктің ішкі көрінісі – түрлі-түсті LED жарық, ұялы телефоннан қосуға болатын Bluetooth акустика, ал артқы орында – шағын тәтті-дүкен. Ән айтуға арналған микрофон да дайын. Отырып, сүйікті әніңізді шырқай аласыз. Айта кетерлігі, бұл «көңілді такси» жолаушының музыкалық талғамына қарай плейлист түзеп, ән тізімін де бірге таңдайды.
Туристер де риза – елге естелікпен қайтады
Көңілді көлік тек қала тұрғындарының емес, туристердің де назарын аударған. Германия, Қытай, Ауғанстаннан өңірімізге демалуға, жұмыс бабымен келген жолаушылар да бұл такси кез болғанда көліктің ішкі дизайнына, жылы атмосферасына және музыкалық мүмкіндігіне таңданыспен қараған.
Көшедегі кәдімгі көлік – көңілдегі кішкентай мереке
Жолаушы мінген сәттен бастап көңіл күйін көтеретін осындай креативті жоба – Өскеменнің қалалық мәдениетінің бір бөлшегіне айналып үлгерді. Караоке-көлік иесі үшін бұл табыс немесе бизнес емес – айналасына қуаныш сыйлаудың қарапайым жолы ғана.
Жайна Сыранова, арнайы Altainews.kz үшін
Фото/видео: Екатерина Семина







