Бүгін ШҚО аумағында найзағай мен бұршақ күтіледі
«Қазгидромет» ШҚО филиалының хабарлауынша, 3 маусым күні облыстың батысы, солтүстігі мен шығысында найзағай ойнап, күндіз бұршақ жаууы мүмкін. Сонымен қатар солтүстік пен оңтүстік аудандарда күндізгі уақытта оңтүстік-шығыстан соғатын желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін жетпек, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Ауа райы құбылып, қауіп төнуі ықтимал болғандықтан, мамандар сақтық шараларын ұстануға кеңес береді. Өскемен қаласында да күндіз найзағай күтіледі.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды қауіпсіздік ережелерін ескеруге шақырып отыр. Мамандардың айтуынша, найзағай кезінде үйде болып, терезе, есік пен мұржаларды жабу қажет. Электр құралдарын сөндіріп, қолданбау керек. Ал сыртта жүрген жағдайда металл қоршаулардың, биіктеу жерлер мен электр тогын өткізуі мүмкін заттардың қасына жоламаған жөн. Жел күшейген кезде сымдарға, тербеліп тұрған бұйымдарға жақындауға болмайды. Сондай-ақ, автобус аялдамалары мен ағаштардың астына жасырыну қауіпті.
Төтенше жағдай орын алған жағдайда жедел қызметке 112 нөмірі арқылы хабарласуға болатынын еске саламыз.