«Қазақстан» тауында жаппай жүгіруден жарыс өтті (видео)
Мемлекеттік рәміздер күніне орай Өскемен қаласының әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарына «Қазақстан» тауына қарай жаппай жүгіру шарасын ұйымдастырды. Биыл спорттық жарысқа 100-ден аса спортшы қатысып, үздіктер мен жүлдегерлер анықталды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Салтанатты бағдарлама сағат 09:30-да басталып, 10:30-ға дейін жалғасты. Осы уақыт аралығында қаладағы кәсіби және әуесқой спортшылар мен жарысқа қатысуға ниет білдіргендер жаңа шыңдарды бағындыруға деген ұмтылысты білдіретін қаланың басты символы саналатын тауға көтерілді. Қатысушылар жас мөлшерлеріне байланысты 18-39 жас аралығы, 40-59 жас аралығы мен 60 жастан асқан спортшылар деп үшке бөлініп жарысты.
Жүгіруден кейін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік гимні орындалды. Жиналғандарды құттықтап, үздіктер мен жүлдегерлерге медальдар мен мадақтамаларды салтанатты түрде табыстауға қалалық мәслихат төрағасы Александр Светаш пен қала әкімі аппаратының басшысы Азамат Қарағызов келді.
Осымен екінші жыл қатарынан 18-39 жас аралығындағы спортшылар арасында үздік деп танылып, жаппай жүгіруде ешкімге дес бермей келе жатқан жас спортшы – Аян Қасымов. Ол бес жылдан астам уақыт бойы велоспортпен айналысады. Атап өтерлігі, Аян биыл 1-мамыр, Қазақстан халқының бірлігі күні ұйымдастырылған «Қазақстан» тауына жаппай жүгіру жарысында да бірінші орын алған екен.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, осындай спорттық жарыс бойдағы күш-жігерді нығайтып, ептілік, төзімділік пен қиындықтарды жеңу қабілеттерін дамытуға көмектеседі. Мемлекеттік рәміздер күні «Қазақстан» тауында өткен маңызы зор іс-шараға қатысқан қала тұрғындары мен қонақтары спортшыларға ерекше қолдау көрсетіп, көтеріңкі көңіл-күйде тарқасты.
Фото: Екатерина Семина
Видео: Жалғас Сақадиев














