Мәлік Отарбаев: «Шығыс жүрегіндегі Этноауыл – өңірдің көпұлтты тарихын сақтау мен насихаттауда маңызды рөл атқаратын мәдени орталық» (видео)
Бүгін ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Шығыс Қазақстандағы ерекше мәдени кеңістік – Өскемен қаласындағы Сол жағалау этнопаркімен танысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
2010 жылы ашылған этнографиялық кешен алғашқы күндерден-ақ ұлтаралық келісім мен мәдени диалогтың символына айналды. Содан бері этнопарк қарқынды дамып, аймақ тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс және ағартушылық орнына айналды.
Мәлік Отарбаев үшін экскурсияның басты нүктесі этнографиялық ауыл болды. Бұл – ашық аспан астында Шығыс Қазақстанды мекендеген түрлі этностардың үй-жайлары қайта жаңғыртылған архитектуралық-этнографиялық кешен. Мұнда қазақтың киіз үйлері орыс, неміс, армян және грузин үйлерімен қатар орналасқан. Әрбір үй – жай ғана экспонат емес, өңірдің бай этникалық мозаикасын бейнелейтін символ. Мұндай сәулет элементтері әр ұлттың аймақ тарихына қосқан үлесін айқындайды.
Этнографиялық ауылдан бөлек, Сол жағалау этнопаркі басқа да маңызды аймақтарды қамтиды. Атап айтқанда, ботаникалық бақ, «Жібек жолы» саябағы, әскери кешен, хайуанаттар бағы мен ескерткіштер аллеясы. Балалы отбасылар үшін «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» кешені, «Көгілдір көлдер» жағажайы, балаларға арналған көрме-ойын кешені және музыка классиктерінің аллеясы бар.
Этнопарк басшылығымен кездескен Мәлік Отарбаев бұл кешеннің өңір мәдениеті үшін маңызын атап өтті. Ол келушілер санына, балалар алаңдарының белсенділігіне, жағажай аумағының жағдайына қызығушылық танытты. Сондай-ақ, алғаш келген қонақтарға арналған навигация, отбасыларға ыңғайлы демалыс аймақтары секілді инфрақұрылымды дамыту бойынша бірқатар ұсыныстарын жеткізді.
Оның айтуынша, дәл осындай нысандар тарихи жадымызды сақтап, туған өлке үшін мақтаныш сезімін қалыптастырып, болашақ ұрпақты рухтандыруға көмектеседі. Бұл құндылықтар өңір дамуының берік іргетасына айналуға тиіс.
Дамир Омаров
Фото: Екатерина Семина
Видео: Руслан Акматалиев







