KZ
Өскемен
+19°
облачно с прояснениями жел 4 м/с, Ю
511.92 588.91 6.44

Балалармен жолға шығасыз ба? Қауіпсіздік пен жайлылық – басты назарда!

Фото: pexels.com

10.06.2025, 13:00 115 Гульжан Мусина

Балаңызбен бірге көлікпен жолға шығуды жоспарласаңыз, сапардың жайлы әрі қауіпсіз өтуі үшін бірқатар маңызды ережелерді есте сақтаған жөн, деп хабарлайды  Altainews.kz тілшісі.

Жолға шықпас бұрын көлігіңізді дайындаңыз:

Дөңгелектердегі ауа қысымын тексеріңіз. Бұл көліктің тұрақтылығы мен басқарылуына әсер етеді.

Жарық жүйесі, бұрылыс шамдары мен тежегіштердің жұмысын қарап шығыңыз. Бұл – жолдағы қауіпсіздіктің негізгі кепілі.

Әйнек тазалағыштардың, тежегіш жүйесінің ақаусыз жұмыс істеуіне көз жеткізіңіз.

Артқы және бүйірлік айналарды дұрыс баптаңыз.

Балаларға арналған автоорындықтың дұрыс орнатылғанын тексеріп, бала қауіпсіздік белдігін таққанына көз жеткізіңіз.

Балаларды тасымалдау ережелері (жас ерекшелігіне байланысты):

1 жасқа дейін:
Баланы арнайы автобесікпен (0+ санаты) жолға қарама-қарсы бағытта отырғызу керек. Егер алдыңғы орындыққа орнатсаңыз, қауіпсіздік көпшігін өшіріңіз.

1 жастан 7 жасқа дейін:
Бала арнайы автокреслода (ұстағышта) болуы тиіс. Креслоны алдыңғы немесе артқы орындыққа қоюға болады. Алдыңғы орындыққа орнатқан жағдайда қауіпсіздік көпшігі өшірілуі керек.

7 жастан 11 жасқа дейін:
Бала 150 см-ден төмен болса, автокресло немесе бустер қолданылуы қажет. Алдыңғы орындықта тек арнайы ұстағышпен тасымалдауға рұқсат етіледі.

12 жастан бастап:
Баланы штаттық қауіпсіздік белдігін пайдалана отырып, көліктің кез келген орнында тасымалдауға болады.

Тыйым салынатын әрекеттер:
Баланы қозғалыс кезінде қолда ұстап отыруға болмайды.

Баланы көлік тіркемесінде немесе шанақта тасымалдауға тыйым салынады.

7 жасқа дейінгі баланы көлікте қараусыз қалдыруға болмайды, тіпті көлік тоқтап тұрса да.

Қолайлы сапарға арналған кеңестер:

Су, жеңіл тағам және қажет жағдайда жүрек айнуға қарсы дәрілер алып жүріңіз.

Сапар бағытын және аялдамаларды алдын ала жоспарлаған жөн.

Бала жол бойы өзін жайлы сезінуі үшін сүйікті ойыншығын немесе кітабын бірге алыңыз. Бірақ бұл жүргізушіні алаңдатпайтындай болуы тиіс.

Жолдағы қауіпсіздік – әрбір жолаушының ортақ жауапкершілігі. Сапар алдында барлық талаптарды орындау арқылы өзіңізді және балаларыңызды қорғаңыз.

Дереккөз: «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу