Бүгін – жерлес жазушы Дидахмет Әшімханұлының туған күні

Фото: ашық дереккөзінен алынды
Бүгін – қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, қаламы қуатты жазушы, аудармашы, журналист, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Дидахмет Әшімханұлының туған күні. Ол осыдан дәл 75 жыл бұрын, 1950 жылдың 10 маусымында Катонқарағай ауданының Жаңаүлгі ауылында дүниеге келген, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Дидахмет Әшімханұлы – қазақ прозасына өзіндік қолтаңбасын қалдырған қаламгер. Ол әдебиет пен журналистиканы қатар алып жүрген сөз өнерінің шынайы шебері ретінде танылды. Жазушы еңбек жолын студент кезінде-ақ бастап, облыстық «Коммунизм туы» (қазіргі «Дидар») газетінде тілші болып жұмыс істеді. Кейін «Лениншіл жас», «Қазақстан пионері», «Қазақ әдебиеті», «Заман-Қазақстан», «Түркістан» сынды басылымдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарып, қазақ журналистикасына үлес қосты.
Жазушының алғашқы көркем туындылары 1975 жылдан бастап жарық көре бастады. «Аққабаның толқыны», «Он бірінші күз», «Жер аңсаған Сарыатан», «Самырсын сазы», «Әңгіме емес әңгімелер» сынды прозалық жинақтары оқырман мен әдеби сыншылар тарапынан жоғары баға алды. Оның шығармалары неміс, қытай, моңғол, украин, татар, қырғыз, орыс тілдеріне аударылып, халықаралық деңгейде де танылды.
Дидахмет Әшімханұлы көркем аударма саласында да жемісті еңбек етті. Ол бірқатар шетел жазушыларының шығармаларын, атап айтқанда, Джек Лондон, Джон Голсуорси, Шварц секілді танымал қаламгерлердің туындыларын қазақ тіліне тәржімалап, әдеби аударма мәдениетін байыта түсті.
2005 жылы жазушы халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығына ие болды. Бұл оның шығармашылық жолындағы зор еңбегінің лайықты бағалануы еді.
Жыл басынан бері облысымызда Дидахмет Әшімханұлының 75 жылдығына арналған бірқатар мәдени-әдеби іс-шаралар ұйымдастырылып келеді.
Ал 13 маусымда Катонқарағай ауылының Мәдениет үйінде Дидахмет Әшімханұлының шығармашылығы мен оның ұлттық әдебиетке қосқан зор үлесі сараланатын ғылыми конференция өтпек.
Сол күні кешке Топқайың ауылының өр жағында «Төр Алтай Қалиханы мен Дидахметін жырлайды» поэзия фестивалі өтеді. Табиғаттың аясында – дала сахнасында ақындар жыр толғайды.