KZ
Өскемен
+19°
ясно жел 1 м/с, С
518.81 596.27 6.63

«Әкем айтқан бір сөз» – руханиятқа тағзым кеші 

22.05.2025, 18:00 166 Гульжан Мусина

Өскеменде 22 мамыр күні А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапхана қабырғасында тағылымы терең, мазмұны бай әдеби кеш өтті. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы, публицист, аудармашы, сыншы Дидахмет Әшімханұлын еске алуға арналған бұл шара «Әкем айтқан бір сөз» деген атаумен ұйымдастырылды. Зиялы қауым, қаламгердің көзін көрген қаламдастары мен достары, жас оқырмандар мен әдебиет жанашырлары жиналған бұл кеш – руханиятқа, ұлттық мұраға тағзым болған ерекше жиынға айналды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Әдеби кештің шымылдығы жазушының кіндік қаны тамған Катонқарағай өңірінің сұлу табиғаты мен туған топырағына арналған бейнебаянмен ашылды. Көрерменді туған жердің әсем көріністері мен жазушы рухына арналған бейнекөрініс ерекше әсерге бөледі. Бұл әсерлі сәтті өнерпаз, қолөнер шебері Жауһаз Бабаханованың жүрекпен жеткізген «Катон» әні жалғады. Өнер мен туған өлке тағдыры тоғысқан осы көріністер – жазушы өмірінің басты арқауын көрерменге жеткізгендей болды.

Кештің басты қонағы – қаламгердің ұлы Дәулет Дидахметұлы. Ол жазушының отбасындағы болмысын, әкелік келбетін, адами және шығармашылық келбетін тебірене айтып берді. «Әкемнің әрбір сөзі – біз үшін өсиет, әрбір жазғаны – қазақ руханиятына қосылған үлес» деген ұлының сөзінен Дидахмет Әшімханұлының адами бейнесі көрініп тұрды. Ол әке туралы әңгіме өрбіткенде, зал іші тынышталып, көрермендер жазушыны көз алдында қайта тірілткендей күй кешті.

Кеш барысында танымал әнші Айдын Алдархан орындаған лирикалық әндер көрермен көңілін тербеп, рухани әсерді тереңдете түсті. Әсіресе, жазушының өз дауысымен жазылған аудиожазба көрсетілген сәт – зал ішіндегі тылсым тыныштық пен толғанысқа толы болды. Жазушы сөзімен сырласқан бұл сәт көпшілікті шынайы тебіреніске бөлеп, кештің мазмұндық биігін айқындай түсті.

Әдеби кешке қатысқан жас буын да өз үнін қосты. Жазушы шығармашылығынан шабыт алған жастар – С.Аманжолов атындағы ШҚУ студенті, жас ақын Алпамыс Нұрболат Біржанұлы мен Жамбыл атындағы мектеп-гимназия-интернатының оқушысы Расул Идаятов арнау өлеңдерін оқып, көпшіліктің ықыласына бөленді. Олар өз өлеңдерінде қаламгердің рухани мұрасын, адамгершілік ұстанымдарын жырға қосты. Бұл – руханият сабақтастығының нақты көрінісі болды.

Шара барысында Қазақстан Жазушылар одағының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының директоры, жазушы, публицист Әлібек Қаңтарбаев пен ҚР Мәдениет қайраткері, жазушы Айтмұхамбет Қасымов сөз алып, Дидахмет Әшімханұлының әдебиеттегі орны, қаламгерлік шеберлігі мен рухани мұрасының маңызы жайлы ойларымен бөлісті. Қос қаламгер де Дидахмет Әшімханұлын тек жазушы емес, ұлттық сананы жаңғыртушы, қазақ сөз өнерінің шебері ретінде сипаттады.

Кеш соңында қаламгердің сөзімен өрілген әсерлі ән орындалып, көрермендерге терең толғаныс, рухани қуат сыйлады. Бұл – бір ғана қаламгерді еске алу кеші емес, тұтас бір буынның рухани биігін паш еткен, әдебиет пен өнерді ұлықтаған мәдени оқиғаға айналды.

Дидахмет Әшімханұлының шығармашылық жолы – ұлттық құндылықтар мен қоғамдық сананың өрлеуіне қосылған зор үлес. Оның жазбаларынан тек көркемдік ізденісті емес, елге деген махаббатты, табиғатқа іңкәрлік пен рухани тазалықты көруге болады. Әдеби кеш барысында бұл ақиқат тағы бір мәрте дәлелденді.

Дидахмет Әшімханұлы – қазақ руханиятының шамшырағы. Оның мұрасы – бүгінгі күннің де, келешектің де құндылығы.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу