Онкологиялық ауруларға шалдыққан балаларға жоғары технологиялық медициналық көмек дамып келеді
Қазақстанда онкологиялық аурулармен, әсіресе балалар арасындағы қатерлі дертпен күрес бағытында жоғары технологиялық медициналық көмек қарқынды дамып келеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Денсаулық сақтау министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Гемопоэтикалық бағаналы жасушаларды (ГБЖ) трансплантациялау еліміздің жетекші педиатриялық орталықтарында алғаш рет енгізілген кезден бері бүгінге дейін барлығы 515 ота жасалды. Бұл көрсеткіш – отандық медицинаның жоғары технологиялық деңгейін ғана емес, балалар трансплантологиясы саласындағы нақты нәтижелерді де айғақтайды.
Салалық мамандардың айтуынша, балалар онкологиясы мен онкогематологиясында алға ілгерілеу айқын байқалады. 2012 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Қазақстан-Ресей гистотиптелген донорлар тіркелімі трансплантация санын арттыруда маңызды рөл атқаруда. Қазіргі таңда бұл базаға 12 мыңнан астам донор тіркелген. Олардың 13-і – Қазақстан азаматтары, ал Германия, Ресей және Польша елдерінен келген донорлардың қатысуымен 28 сәтті трансплантация жасалған.
3D технология және «өсетін» протездер – балаларға жаңа мүмкіндік
Онкологиялық ортопедия саласында да оң өзгерістер байқалады. Сүйек ісігіне шалдыққан балаларға буын эндопротездеу оталары сәтті жасалып жатыр. Бұл ота кезінде 3D модельдеу технологиясы кеңінен қолданылуда.
Сонымен қатар, балалардың ағзасы әлі де өсетінін ескере отырып, «өсетін» эндопротездер орнату тәжірибесі енгізілді. Мұндай заманауи технология протездің ұзындығын баланың өсуіне қарай бейімдеуге мүмкіндік береді.
Қосымша қолдау қажет: оңалту мен паллиативтік көмек
Емдеу нәтижелерімен қатар, оңалту және паллиативтік көмек көрсету саласы әлі де жүйелі дамытуды қажет етеді. Онкогематологиялық емді аяқтаған балаларға психоэмоционалдық және әлеуметтік тұрғыдан бейімделу үшін кешенді оңалту шаралары қажет. Алайда қазіргі таңда мұндай орталықтардың саны аз, әсіресе ауылдық өңірлерде бұл қызмет қолжетімсіз болып отыр.
Сонымен қатар, аурудың соңғы сатысында немесе ем жүргізуге келмейтін диагноз қойылған балаларға арналған сапалы паллиативтік көмек жүйесі де әлі толыққанды жолға қойылмаған. Бұл бағытта тек жекелеген бастамалар мен қайырымдылық жобалары ғана жүзеге асырылуда.