Жыл сайын жүзден астам науқасқа күрделі ота жасайды – ШҚО
Облыстық мамандандырылған медициналық орталықта жоғары технологиялық көмек қолжетімді. Мамандардың айтуынша, қазір ми қан тамырлары ауруларына шалдыққан науқастардың 90 пайызына облыс орталығында ота жасалады.
Жоғары технологиялық медициналық көмекке, көбінесе, ми қан тамырлары ауруларына шалдыққандар жүгінеді. Орталық мамандары мұндай науқастарға 2018 жылдан бері ота жасап келеді. Дәрігерлер де үнемі шетелдерде біліктілігін шыңдайды.
– Біздің орталыққа бірер жыл бұрын ангиограф орнатылғаннан кейін халыққа жоғары технологиялық медициналық көмек көрсете бастадық. 2018 жылы дәрігерлерді Лондонға оқуға жіберіп біліктілігін арттырдық. Олар қайтып келгеннен кейін алған білімдерін көрсете бастады. Мұнда ми қан тамырлары ауруларына ота жасалады. Көбінесе, тромбэкстракция – дейді «Шығыс Қазақстан облыстық мамандандырылған медициналық орталығы» ШЖҚ КМ меңгерушісі Елена Куликова.
Жоғары технологиялық медициналық көмек қолжетімді болған соңғы алты жыл ішінде дәрігерлер айтарлықтай жетістікке жеткен. Орталық мамандары келер жылдан бастап кохлеарлық имплантация операциясын бастауды жоспарлап отыр.
– Ең алғаш бізге ангиограф орнатқанда науқастың тек диагнозын ғана анықтап отырдық. Науқастар ота жасату үшін Астана, Алматы сынды ірі қалаларға баратын. Ал қазір мұндай оталардың 90%-ы өзімізде жасалады. 2021 жылы 110 операция жасадық. 2022 жылы да, шамамен, осындай көрсеткіш тіркелді. Бәрі де сәтті аяқталды. Ешқандай ақау болған жоқ. Ал былтыр 132 науқасқа ота жасалды. Биыл 180 операция жасалады деп жоспарлап отырмыз. Қазір жетпіс операция жасап үлгердік. Биыл Мәскеуге кохлеарлық имплантация бойынша оқуға барып қайттық. Жоспар бойынша келер жылдан бастап есту қабілетінен айырылған ересектерге ота жасауды бастаймыз, – дейді неирохирург Мұхтар Оразбекұлы.
Мамандандырылған медициналық орталықта бүгінде жоғары технологиялық көмек бойынша интракраниальды артерияларға стенттерді тері арқылы имплантациялау, жұлын нейростимуляторының электродын имплантациялау немесе ауыстыру, эндоваскулярлық эмболизация немесе бас және мойын тамырларының окклюзиясы сынды тағы да басқа бірнеше операция түрлерін жасалады.