Еліміздегі өнеркәсіптік қауіпсіздік: заманның өзі талап еткен жаңа тәсілдер

Өндірістік белсенді дамудың қарқыны артқан қазіргі кезде өндірістегі қауіпсіздік мәселелері айрықша маңызға ие болуда, әсіресе өнеркәсіп кәсіпорындары тығыз шоғырланған өңірлерде, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Шығыс Қазақстан облысы дәстүрлі түрде осындай өңірлер қатарына кіреді. Қазіргі таңда мұнда елдің өзге аймақтарындағы сияқты апаттардың алдын алу, бақылауды күшейту және техникалық базаны жаңарту мәселелеріне ерекше назар аударылып отыр.
Парламент Сенатында азаматтық қорғаныс, электр энергетикасы және мемлекеттік мүлікті басқаруға байланысты заң жобасы мақұлданды. Құжатта өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын күшейту көзделген. Енді бұл заң жобасы Мемлекет басшысының қарауына жіберілді.
Негізгі өзгерістердің қатарында қауіпті өндірістік нысандарды мемлекеттік бақылаудың жаңа механизмдерін енгізу, тексеру тәртібін қайта қарау, кәсіби апаттық-құтқару қызметтеріне қойылатын талаптарды күшейту, сондай-ақ өндірісті техникалық қайта жарақтандырудың жиынтық жоспарларын келісу бар.
Төтенше жағдайлар министрлігіне ықтимал қауіп-қатерлерге жедел әрекет ету және төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша кеңейтілген өкілеттіктер беріледі.
Министрліктің Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Кеңгірбай Есенеев қабылданып жатқан шаралар соңғы жылдары орын алған, оның ішінде қайғылы оқиғаларға да себеп болған жағдайларға берілген нақты жауап екенін растады.
Оның айтуынша, негізгі себептер – технологиялық үдерістердің бұзылуы, өндірістік бақылаудың әлсіреуі және адами фактор.
Бақылау қызметінің рөліне де қайта қарау жүргізілмек. Бұған дейін бұл функцияны кәсіпорындардың штаттық қызметкерлері атқарса, енді жаңа заң жобасына сәйкес, бақылау бөлімшелері ұйымның бірінші басшысына тікелей бағынышты болуға тиіс, ал олардың саны мен құрылымы нормативтік актілермен айқындалмақ. Бұл тәсіл өндірістегі қауіпсіздікке басшылықтың жеке жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
Маңызды өзгерістер кәсіби апаттық-құтқару қызметтеріне де қатысты болмақ. Бұған дейін мұндай қызметтер жабдықтарды жалға алу немесе шарт негізінде жұмыс істей алса, 2027 жылдан бастап олардың меншігінде арнайы техника, оқу полигондары, зертханалар (газ камералары және өзге де инфрақұрылымдар) болуы міндеттеледі.
Тексерулерді жүргізу тәртібі де айтарлықтай өзгереді. Енді жоғары тәуекел дәрежесі бар кәсіпорындарда жоспарлы тексеру жылына бір рет, ал қалғандарында үш жылда бір рет жүргізіледі. Сонымен қатар тексеру туралы хабарландыру мерзімі 30 күннен 1 тәулікке дейін қысқартылды. ТЖМ өкілдерінің пікірінше, бұл тексерулерге артық дайындалу немесе керісінше, тек формалды жүргізу тәжірибесін жойып, өндірістік қауіпсіздіктің нақты жағдайын көрсетуге мүмкіндік береді.
Металлургия, машина жасау және химия өнеркәсібі дамыған Шығыс Қазақстан облысы сенімді және тұрақты өндірістік бақылау жүйесіне тікелей мүдделі.
Қазақстан Республикасының заңнамасына енгізіліп жатқан жаңа тәсілдер өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы оқиғалар санын азайтуға, кәсіпорындардың техногендік қауіптерге төтеп беру қабілетін арттыруға, ең бастысы адам өмірін неғұрлым сенімді әрі жүйелі қорғауға бағытталған.
Қазір елде қабылданып жатқан заңдар мен ережелер бір жолғы шара емес, өндірістегі қауіпсіздікті түбегейлі жақсартуға арналған кешенді жұмыс. Себебі зауыттар мен өндіріс орындарында жіберілген қателік немесе тәртіп бұзу ауыр, кейде адам өліміне әкелетін жағдайларға себеп болуы мүмкін. Сондықтан басты мақсат – апат болғаннан кейін емес, оған дейін алдын алу. Бұл үшін қауіпсіздік ережелері жаңартылып, бақылау күшейтіліп жатыр, ал жауапты мекемелерге қойылатын талаптар да жоғарылай түспек.
Андрей Дудник
Фото автордан