KZ
Өскемен
-8°
плотный туман жел 1 м/с, С
505.53 593.44 6.34

Премьер-министр кеңесшісі Риддердегі жылу жүйесін жаңарту жұмыстарымен танысты

18.06.2025, 18:10 233 Гульжан Мусина

Шығыс Қазақстанға жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі Ермек Маржықпаев Риддер қаласындағы маңызды жылу-энергетикалық нысандарды аралап шықты. Сапар аясында ол кәсіпорындарда жүргізілген жөндеу және жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Қала тұрғындарын үздіксіз жылумен қамтамасыз ету үшін ескі жылу желілері жөнделіп, жаңартылып жатыр. Бұл – кеншілер қаласының қалыпты өмірі үшін өте маңызды қадам.

Сапар аясында Ермек Маржықпаев «Шығыс жылу» АҚ-ның Риддер ЖЭО филиалы мен «Л-ТВК» ЖШС қазандығында болды. «Шығыс жылу» мекемесінің ЖЭО-сы облыс меншігіне өткен соң 14,3 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп, ауқымды жұмыстар басталған. Қазір мұнда қазандықтар мен жабдықтар жаңартылып жатыр.

– Қазір станцияда үш турбогенератор жұмыс істеп тұр. Біреуі 1956 жылы шыққан, қалған екеуі – 2006 және 2007 жылғы. Ескі турбинаның орнына жаңасын орнату үшін тиісті құжаттар дайындалып жатыр. Қуаттылығы 25 немесе 40 МВт болатын турбогенераторды сатып алу мәселесі қаралып отыр, – деді мекеме директорының міндетін атқарушы Кирилл Голота.

Бүгінде станцияның жылу өндіру қуаты – 247,3 Гкал/сағ, ал электр қуаты – 29 МВт. Мұнда сағатына 75-тен 110 тоннаға дейін бу өндіретін алты қазандық және үш турбогенератор жұмыс істейді. 350-ден астам адам еңбек етеді, орташа жалақы – 373 мың теңге.

Жақын арада тоғыз негізгі құрылғы жөнделеді. Қазір №1 қазандыққа ағымдағы жөндеу жүргізілген. №3 пен №6 қазандықтарда күрделі жөндеу жүріп жатыр. Бұдан бөлек, №2 агрегат та толық жөндеуден өтеді.

– Мұндай ірі жобаларды іске асыру үшін инвестицияны дер кезінде тартып, заманауи технологияларды енгізу қажет. Бұл – тек энергия тиімділігін арттырып қана қоймай, апаттардың алдын алады және экологияға зиянды азайтады, – деді Ермек Маржықпаев.

Премьер-министр кеңесшісі жылумен қамтамасыз ететін нысандарды жеке-жеке емес, біртұтас жүйе ретінде қарастыру керек екенін де атап өтті. Бұл – инфрақұрылымды тұрақты дамытуға қажет басты шарттардың бірі.

Сапар барысында кеңесші қаладағы тағы бір маңызды нысан – «Л-ТВК» ЖШС қазандығына барды. Мұнда да инженерлік әлеуетті күшейтіп, жаңғырту қажеттігі айтылды.

Айта кетейік, биыл өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов Риддерге келіп, «Л-ТВК» ЖШС қазандығын қала балансына беру туралы келісім жасасқан болатын. Енді бұл кәсіпорын толық жаңғыртудан өтіп, тиісті жағдай жасалуға тиіс.
Қаладағы жылу жүйесін жаңарту жұмыстары әрі қарай да жалғасады. Жергілікті билік барлық жоспардың уақытында орындалуын бақылауда ұстайтын болады.

Фото/видео: Екатерина Сёмина

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу