KZ
Өскемен
+24°
пасмурно жел 2 м/с, ОБ
518.97 607.3 6.64

Шекаралас елдердің мүддесі тоғысқан жер

20.06.2025, 13:00 113 Гульжан Мусина

Шығыс Қазақстан — инвесторлар мен туристер үшін жаңа өріс

Шығыс Қазақстан — табиғаты ең сұлу өлке ғана емес, Еуразия құрлығының дәл жүрегінде орналасқан геостратегиялық маңызды аймақ. Қытай мен Ресей сияқты қос алып державамен шекаралас болуы өңірге бірегей артықшылық береді. Бүгінгі күнде бұл фактор логистика, сауда және өнеркәсіп тұрғысынан айтқанда Шығыс Қазақстанды халықаралық әріптестіктің ең қолайлы нүктесіне айналдырып отыр.

Қытай — Қазақстанның ең ірі сауда әріптесі. «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында Қытай мен Қазақстан арасында бірлескен өндірістер ашу, жаңа тасымал дәліздерін дамыту мәселелері тұрақты түрде талқыланып келеді. Шығыс Қазақстан арқылы өтетін құрлық жолдары мен теміржол бағыттары Қытай тауарлары үшін Еуропаға ең қысқа әрі тиімді маршрут саналады.

Жақында Қытай тарапымен өткен келіссөздерде Алтай аймағы арқылы өтетін жаңа жүк тасымалы бағыттары мен шекарадағы өткізу бекеттерін жаңғырту жобасы сөз болды. Қытайлық инвесторлар ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және тауарлық балық шаруашылығын дамытуға қызығушылық танытып отыр. Қазіргі таңда «Қытай – Қазақстан – Еуропа» желісі бойынша тоңазытылған өнім тасымалдауға арналған логистикалық орталық құру ұсынысы қаралуда.

Ресей Федерациясы да Шығыс Қазақстанмен көп бағытта әріптес. Екіжақты сауда айналымы жыл сайын өсіп келеді. Бұқтырма мен Алтай бағытындағы ағаш өңдеу өндірістері, ірі өнеркәсіптік зауыттар өнімдері ресейлік нарыққа тұрақты жөнелтіліп отыр. Ресей инвесторлары әсіресе орман шаруашылығы мен баламалы энергия көздерін өндіру саласында бірлескен кәсіпорын ашуға мүдделі.

Жақында өңірді дамытушы институт тардың бірінде пәкістандық кәсіпкерлермен кездесу өтті.«Еrtis» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен Пәкістан Ислам Республикасының кәсіпкерлері арасында өткен бұл келіссөздерде екі елдің ынтымақтастығын күшейтуге жол ашатын бірнеше бірлескен жоба қаралды. Пәкістандық делегация Шығыс Қазақстанда заманауи бордақылау алаңдарын құрып, сапалы ет өндіріп, экспортқа шығару жоспарын ұсынды.

Олар өз технологиясын енгізіп, арнайы бордақылау әдісі арқылы «ерекше дәмі бар» ет өндіруге ниетті. Қазірдің өзінде жылына 12 мың тонна өнімді жеткізуге сұранысы бар нақты келісім ұсынылып отыр.

Бұдан бөлек, мал шаруашылығын толық циклға айналдырып, тері өңдеуден бастап, былғарыдан спорттық бұйымдар мен арнайы жұмыс киімдерін жасауға дейінгі кластер құру жоспарда. Бұл өндірістердің 80%-ында жергілікті тұрғындар еңбек етпек. Шығарылатын өнімнің бәрі «Made in KZ» белгісімен таңбаланып, ішкі нарық пен шетелдік сұранысқа жол ашпақ.

«Ertis» ӘКК Серебрянск қаласындағы шағын индустриялық аймақты жеңіл өнеркәсіптің алғашқы қадамы ретінде ұсынды. Онда инфрақұрылым дайын, құрал-жабдық та жеткілікті. Қазір нақты келісімдер бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп жатыр.

Шығыс Қазақстандағы өндіріс орындары мен ауыл шаруашылығы кәсіп-
орындары өз өнімін Батыс Еуропа мен Таяу Шығыс елдеріне тікелей жеткізуді көздейді. Өңірде ірі сүт зауыты жобасы мен құс фабрикасын қайта жаңғырту бастамасы бар. Бұл жобаларға Түркия мен БАӘ инвесторлары қызығушылық білдіруде. Әсіресе халал өнімдер өндірісін өркендету — Таяу Шығыс елдерінің негізгі талабы болып отыр.

Өңірдің басты байлығы — табиғат. Катонқарағай ұлттық паркі, Марқакөл көлі, Қалба жотасы мен Анатау — альпинизмнен бастап, экотуризм мен этнотуризмге дейінгі ауқымды бағыттарды қамтиды. Қазір шетелдік туроператорлармен бірлесе отырып, «Алтайдың алтын шеңбері» атты жаңа туристік маршрут әзірленуде. Бұл бағыт Қытай, Ресей және Моңғолия туристері үшін де тартымды болмақ.

Риддер қаласы қысқы туризмге бейімделуде. Шетелдік инвесторлар тау шаңғысы курорттарына заманауи инфрақұрылым салуға қызығушылық білдіруі арқасында Шығыстың қарлы шыңдары қысқы спорт пен демалыстың жаңа орталығына айналмақ.

Айта кету керек, «Ertis» ӘКК мен облыстық әкімдік әр жобаға жеке сүйемелдеу мен бюрократияны азайтуды басты міндет санайды. Индустриялық аймақтарда дайын алаңдар ұсынылып, ин-
фрақұрылым жүргізілмек. Сонымен қатар, биыл «Ertis» ӘКК» АҚ халықаралық ISO 37001 сертификатына қол жеткізуі дүниежүзілік стандарт аясында жұмыс істеуде жаңа көкжиектер ашып, қызметтің ашықтығын қамтамасыз етеді.

Қытай мен Ресейге шекаралас өңір — кез келген инвестор үшін дайын нарық, тиімді транзит, ашық алаң. Табиғаты көркем жер, еңбек ресурстары жеткілікті, инфрақұрылым дамып келе жатқан Шығыс Қазақстан — туризмнен бастап, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпке дейін серіктестікке лайықты алаң болып тұр.

Сондықтан «Шығыс — шынайы мүмкіндік» деген сөз бүгінде жай ұран емес, нақты іске айналып келеді.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу