2024 жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы теміржол тасымалының көлемі тарихи көрсеткішке жетті
pexels.com
2024 жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы теміржол көлігімен тасымалданған жүк көлемі 32 миллион тоннадан асып, тарихта болмаған көрсеткішке жетті. Бұл туралы ҚР Көлік министрлігінің Теміржол және су көлігі комитеті мәлімдеді,- деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қазақстанның экспорт көлемі 13,7 миллион тоннаны құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1 миллион тоннаға артық. Экспортталатын негізгі жүктердің қатарында темір мен түсті металл кендері, қара және түсті металдар, сондай-ақ астық өнімдері бар.
Импорт 5%-ға артты, ал Қазақстан арқылы транзиттік тасымал көлемі 19%-ға ұлғайып, 15,3 миллион тоннаға жетті. Қазақстанның транзиттік әлеуеті одан әрі артқанын көрсеткен маңызды факторлардың бірі – контейнерлік транзиттің Еуропа бағытында 43%-ға өсуі болды.
Өсімнің маңызды себептерінің бірі ретінде Сиань Халықаралық құрғақ портындағы қазақстандық терминалдың ашылуы атап өтілді. Осы терминал мен Ақтау порты арқылы 2024 жылы 300-ден астам контейнерлік пойыз өткен, бұл өткен жылмен салыстырғанда 30 есе көп.
Қазақстан мен Қытай арасындағы теміржол тасымалының өсімі тек екі ел арасындағы сауда байланысын нығайтып қана қоймай, елдің транзиттік әлеуетін арттырып, халықаралық тасымалдарда жаңа мүмкіндіктер туғызуда.