Нұрымбет Сақтағанов: «Шығыс Қазақстан жылына 1 миллионға дейін турист қабылдауға дайын»
Қытайда өтіп жатқан «Алтай – ортақ үйіміз» атты халықаралық конференцияда Шығыс Қазақстан облысының делегациясы өңірдің халықаралық туризм мен тұрақты дамуға, сондай-ақ мемлекетаралық әріптестікті нығайтуға басымдық беруге дайын екенін жеткізді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Конференция Қазақстан мен Қытай көшбасшылары арасындағы саяси диалогтың нығаюы аясында өтуде. ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин арасындағы жоғары деңгейдегі кездесулер көлік-логистика, экология және мәдени байланыстарға жаңа серпін берген. Географиялық тұрғыдан маңызды орналасқан Шығыс Қазақстан – Қытаймен 670 км және Ресеймен 770 км ортақ шекара бөлісіп отырған өңір ретінде трансшекаралық ынтымақтастықта маңызды рөл атқара алады.
Шығыс Қазақстан туризмді өз алдына жеке сала ретінде дамытып, оған инфрақұрылымдық жобалар мен трансшекаралық қатынастарды кеңейту арқылы серпін беріп отыр. Халықаралық қонақтар үшін ең тартымды орындардың қатарында – таулы аймақтарымен, көлдерімен және өзендерімен әйгілі Марқакөл мен Катонқарағай аудандары бар. Бұл өңірлерге инвесторлардың да қызығушылығы артып келеді. Марқакөл ауданында жаңа туристік өткізу пунктін ашу – Синьцзян-Ұйғыр автономиялық ауданы партия комитетінің хатшысы Ма Синжуэймен келісілген маңызды бастама ретінде атап өтілді.
Сонымен қатар, ШҚО Қытай тарапына Риддер қаласы маңы мен Бұқтырма су қоймасы жағалауында қонақүйлер, демалыс орындары, туристік бағыттар мен сервистік нысандар салу бойынша бірлескен жобаларды ұсынды. Жаһандық трендке айналып жатқан қазіргі кезеңде экотуризм, таулы бағыттар мен сауықтыру турлары инвестиция үшін тиімді сала болып отыр.
Туризмнің дамуы көлік қатынасының қолжетімділігімен тікелей байланысты. Аймақ басшысының айтуынша, соңғы екі жылда ШҚО-да 1500 шақырым автожол жөнделіп, жаңғыртылған. Катонқарағай және Зайсан аудандарында екі жаңа әуежайдың құрылысы басталды. Бұқтырма су қоймасының үстінен Орталық Азиядағы ең ірі көпір пайдалануға берілді. Сондай-ақ «Майқапшағай» шекара бекеті жаңартылып, Ресеймен шекарадағы «Уба» өткізу пунктін жаңғырту жоспарланып отыр. Бұл шаралар жүк тасымалының уақытын қысқартып, туристік бағыттардың кеңеюіне жол ашады.
Қытай тарапына таныстырылған болашағы зор жобалардың бірі – Тарбағатай ауданы арқылы шекараға шығатын Ертіс өзені бойымен су қатынасын жолға қою. «Порт – теміржол – шекара бекеті» тізбегі «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясындағы жаңа өзара байланыс арнасына айнала алады.
Шығыс Қазақстан өзін тек табиғаты әсем өңір ретінде ғана емес, сонымен қатар инвесторлар үшін тартымды аймақ ретінде көрсетіп отыр. Стратегиялық орналасуы, жүйелі саяси ұстанымы мен тұрақты инфрақұрылымы бұл өңірді еліміздің экономикасындағы маңызды қатысушы әрі ішкі-сыртқы туризмнің жаңа орталығына айналдырып отыр.
Дамир Омаров
Фото: Махаббат Ахметжанова