KZ
Өскемен
+25°
небольшая облачность жел 2 м/с, ОБ
518.97 607.3 6.64

Шығыста ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған жаңа орталық ашылмақ

Фото: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі

20.06.2025, 14:30 138 Гульжан Мусина

Бүгінде елімізде 75 балаларды оңалту орталығы жұмыс істейді. Бұл орталықтарда бала денсаулығын қалпына келтіруге арналған төсек-орын саны екі есе артып, 4 мың орынға жеткен. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі Майра Бейсен Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Министрліктің мәліметінше, еліміздің түрлі өңірлерінде үш жасқа дейінгі балаларға арналған 19 ерте араласу орталығы ашылған. Бұл орталықтарда балалардың дамуындағы ауытқуларды ерте анықтап, арнайы көмек көрсетіледі.

Сондай-ақ аутизм спектрі бұзылған балаларға қолдау көрсету жолдары да кеңейіп жатыр. Биыл Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Түркістан облыстарында аутизмі бар балаларға арналған медициналық оңалту орталықтарын ашу жоспарланған.

Майра Бейсеннің айтуынша, мемлекет әр баланың дені сау әрі қауіпсіз ортада өсуі үшін жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. Соның бірі — медициналық оңалту. Бұл әсіресе мүмкіндігі шектеулі балалардың мүгедектікке ұшырау қаупін азайту үшін өте маңызды.

Бүгінде медициналық оңалту бірнеше кезең бойынша жүзеге асырылады. Алғашқы кезең — ауру басталған сәттен бастап 72 сағатқа дейінгі уақытты қамтиды және ол стационар жағдайында өтеді. Екінші кезең — бала дерттен немесе жарақаттан кейінгі алғашқы алты ай ішіндегі қалпына келу кезеңі. Бұл кезде жоғары технологиялы көмек қолданылатын стационарлар мен арнайы орталықтарда ем жүргізіледі. Үшінші кезең — емханаларда, күндізгі стационарларда, оңалту орталықтарында немесе санаторийлерде өтетін ұзақ мерзімді қалпына келтіру жұмыстары.

Мемлекеттік әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің арқасында медициналық оңалту көмегіне қол жеткізу де жеңілдеп келеді. Соңғы бес жылда балаларды оңалтуға бөлінген қаржы екі жарым есе өсіп, 2019 жылы 12,2 млрд теңге болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 29,3 млрд теңгеге жетпек.

Министрлік ерекше күтімді қажет ететін балаларға көмектесу үшін заманауи және инновациялық тәсілдерді де зерттеп жатыр. Мысалы, Назарбаев Университеті мен Болат Өтемұратов қорының қолдауымен аутизмге шалдыққан балаларды жасанды интеллектке негізделген роботтық терапиямен оңалтуға арналған зерттеулер жүргізілуде.

Сонымен қатар, жаңа бағыт ретінде психомоторлық терапия енгізіліп жатыр. Бұл әдіс баланың қозғалысы, эмоциясы мен мінез-құлқына әсер етіп, олардың үйлесімді дамуына көмектеседі.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу