Ертіске 50 мың сібір бекіресі шабағы жіберілді: табиғатты қалпына келтіру жалғасуда
Шығыс Қазақстан облысында 12-20 маусым аралығында Қара Ертіс өзенінің жоғарғы бөлігінде, Боран ауылы маңындағы көпір тұсында сібір бекіресінің шабақтарын жіберу жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бұл аумақ жыл бойы балық аулауға тыйым салынған «тыныштық аймағы» саналады. Мұнда балықтың санын қалпына келтіруге барлық жағдай жасалған. Ерекше қорғауды қажет ететін сібір бекіресін сақтау мақсатында Ертіске бір және екі жылдық шабақтарды жіберу жүзеге асырылуда.
Мемлекеттік тапсырыс аясында балықтандыру жұмыстарын Шығыс Қазақстан облысындағы «Ost Fish» кәсіпорны атқаруда. Кәсіпорын басшысы Ерлан Сағидолдиннің айтуынша, арнайы жабдықталған тірі балық тасымалдайтын екі көлікпен сапарға шыққан мамандар шабақтарды аман-есен жеткізген.
Мамандардың сөзінше, бұл бекіре – «Қызыл кітапқа» енген сирек кездесетін балық түрі. Бұрын Ертіс өзені оның табиғи мекені болғанымен, гидроэлектростанциялар салынғаннан кейін балықтың көші-қон жолдары бұзылып, уылдырық шашатын аумақтар азайып кеткен. Соның салдарынан бекіре саны күрт төмендеген.
Алайда соңғы жылдары ШҚО-дағы балық питомниктері сібір бекіресін қолдан өсіруде жақсы нәтижелер көрсетіп отыр. Биыл жалпы 50 мың біржасар және 11 мыңнан астам екіжасар бекіре өзенге жіберіледі деп жоспарланған.
Шараға Зайсан-Ертіс аймақаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясы да белсене атсалысты. Инспекция басшысының орынбасары Фархат Байбазаровтың айтуынша, мемлекеттік тапсырыс толығымен орындалды, балық шығыны тіркелмеген.
Бекіре шабақтарын өзенге жіберу жұмыстарына жергілікті тұрғындар мен балалар да қатысып, бұл экологиялық шараға ерекше көңіл бөлді.
Таир Сапаргалиев
Фото/видео: Жәнібек Ырысбай














