Қара Ертіске бекіре оралды
Осыдан біраз бұрын Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев пен «Оst Fish» ЖШС басшылығы арасындағы кездесуде Зайсан-Ертіс бассейніне бекіре балығын жіберу туралы ұсыныс айтылған болатын. Көп ұзамай ол ұсыныс іске асып, Қара Ертіске әлдеқашан жойылып кеткен Сібір бекіресінің алғашқы легі жіберілдіді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Игі бастама жалғасын табады
Жергілікті халық үшін де, Зайсан көлі мен Қара Ертіс өзенінің экожүйесі үшін де маңызы зор іс-шараға Шығысқа жұмыс сапарымен келген экология министрі Ерлан Нысанбаев қатысты.
Айта кетейік, бұл жұмысты облысымыздағы бекіре балығының уылдырығын және етін өндірумен айналысатын іргелі кәсіпорындардың бірі «Ost Fish» ЖШС қолға алған.
Аталған кәсіпорынның бас директоры Ерлан Сағидолдин экология министріне бекіре тұқымдас балықтарды өсірудің ерекшеліктері, оларды қорғау, жергілікті экожүйені сақтау сияқты бірқатар мәселе жөнінде баян етті.
Оның айтуынша, бұл күні Марқакөл мен Зайсан аудандарын бөліп жатқан Қара Ертіс өзеніне Сібір бекіресінің бір жасар 500 дарағы жіберілді. Балықтардың әрқайсының салмағы 1,5 келіге дейін тартады. Демек оларға бұл суларды мекен ететін жыртқыш балықтардан келер қауіп жоқ.
Көппен бірге Сібір бекіресінің тарихи мекеніне оралуының куәсі болған экология министрі Ерлан Нысанбаев бұл өте құптарлық бастама екенін айтты. Себебі Сібір бекіресі Зайсан мен Ертісті ежелден мекендеген. Алайда өткен ғасырдың 50-60 жылдарындағы су электр стансаларының салынуы әдетте Сібір мен Алтай арасында өрлеп-құлдап жүретін балықтардың жоғары өрістеуіне тосқауыл болған. Енді міне, бұл проблема да шешімін тапқандай.
Министрдің айтуынша, осыдан төрт жыл бұрын еліміздегі балық шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған бағдарлама қабылданған болатын. Өзге мемлекеттердің тәжірибелерін ескере келе әзірленген бұл бағдарламада осы салада еңбек ететін кәсіпкерлерді қолдаудың тиімді тетіктері көрініс тапқан. Әлбетте, оның ішіндегі ең негізгісі субсидия болғаны сөзсіз. Қазіргі уақытта ондай субсидияның түр-түрі бар екен. Мәселен, балық шабағы мен аналығын сатып алуға, сонымен бірге салаға инвестиция құю мен жепшөп жеткізуге де субсидия қарастырылған.
Браконьерлермен күрес күшеймек
Сала мамандарының айтуынша, қазіргі уақытта аса құнды саналатын бұл ерекше балық тек алты-жеті жылдан кейін уылдырық шашып, көбейе бастайтын көрінеді. 60 жылдай жасап, 200 келіге дейін салмақ жинайды. Ауылшаруашылық саласында еті мен уылдырығы аса бағалы. Яғни, мамандар осы арқылы, уақыт өте келе, кәсіптік балық шаруашылығын дамытуға да шындап кірісуге болатынын айтады. Ал дәл қазіргі күнгі міндет – еліміздегі бекіре балығының табиғи қорын арттырып, олардың биологиялық өнімділігін қалыптастыру.
«Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС Алтай филиалының директоры Жарқын Қабдоловтың сөзінше, Сібір бекіресі бұған дейін де Ертісте өмір сүргендіктен, балықтардың жаңа жерді жерсініп кететініне еш күмән жоқ. Сонымен қатар балықтың бұл тұқымы табиғат аясында өз жемін өзі тауып жеп, жауларымен де күресе алады. Тек бір ғана қауіп бар. Ол – браконьерлер.
Ал браконьерлермен күрес мәселесіне облыс басшылығы да айрықша көңіл бөліп отыр. Белгілі болғандай, алдағы уақытта «Зайсан-Ертіс» облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары қолға алынбақ. Атап айтқанда, табиғат қорғаушылары заманауи техикамен, моторлы қайықтар және дрондармен қамтылатын болады.
Еске салайық, қазіргі күні еліміздегі өзен-көлдерден бекіре балығын аулауға заңмен тыйым салынған. 1993 жылы қабылданған бұл құжат аясында аталмыш балық түрін аулаушыларға қомақты айыппұл салынып, тіпті іс қозғалуы мүмкін.