Ертіске бекіре қайта оралады
Қара Ертіске әлдеқашан жойылып кеткен Сібір бекіресі қайтып оралмақ. Бұл жұмысты өңірдегі бекіре балығының уылдырығын және етін өндірумен айналысатын іргелі кәсіпорындардың бірі «Ost Fish» ЖШС қолға алғалы отыр.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаевпен кездесу барысында аталған кәсіпорынның бас директоры Ерлан Сағидолдин осылай деп мәлім етті. Кездесу барысында бекіре тұқымдас балықтарды өсірудің ерекшеліктері, оларды қорғау, жергілікті экожүйені сақтау мәселелері сөз болды.
Ал «Зайсан-Ертіс» облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Талғат Рақымжановтың айтуынша, бұл өте құптарлық бастама. Себебі, Сібір бекіресі Зайсан мен Ертісті ежелден мекендеген. Алайда өткен ғасырдың 50-60 жылдарында су электр стансаларының салынуы әдетте Сібір мен Алтай арасында өрлеп-құлдап жүретін балықтардың жоғары өрлеуіне тосқауыл болған. Енді міне, бұл проблема да шешімін табуға тиіс. «Ost Fish» ЖШС-нің көмегімен Сібір бекіресін Зайсан бассейніне, Қара Ертіске жерсіндіру көзделіп отыр.
Бұл игі бастамаға аймақ басшылығы да қолдау көрсетуге даяр. Мұны кәсіпорын өкілдерімен кездесу барысында аймақ басшысы Ермек Көшербаев айтты.
Сонымен қатар аймақ басшысы табиғат қорғаушыларды заманауи техикамен, моторлы қайықтар және дрондармен қамту жағы да назардан тыс қалмайтынын жеткізді.