KZ
Өскемен
-40°
туман Штиль
512.16 594.72 6.57

Велошабандоздар бәйгесі: ШҚО-да ұлттық чемпионаттың іріктеу кезеңі өтуде

24.06.2025, 16:00 292 Айдос Мырзахметов

22-29 маусым аралығында Шығыс Қазақстан облысында велоспорттан Қазақстан Республикасының Ұлттық чемпионаты өтуде. Бұл жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен келген 187 велошабандоз қатысып жатыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Чемпионаттың басты ерекшелігі – бұл іріктеу кезеңі болып есептеледі. Мұнда үздік шыққан спортшылар қыркүйек айында Руандада өтетін Әлем чемпионатына жолдама алады. Жарыстың әділ өтуін халықаралық дәрежедегі төреші – Нидерландтан келген комиссар қадағалап отыр. Сонымен қатар, чемпионат нәтижелері халықаралық рейтингке енгізіледі.

ҚР Велоспорт федерациясының бас хатшысы Жетес Сүлейменов бұл чемпионат тек кәсіби спортшыларға ғана емес, жастар мен ерекше қажеттілігі бар спортшыларға да арналғанын атап өтті.

– Жарыстың тағы бір артықшылығы – жастар арасындағы ойындардың қатар өтуі. Бүгін әуесқой спортшылар арасында жарыс ұйымдастырылды. Ал 28-29 маусымда паравелоспорт шеберлері өзара мықтыны анықтайды. Осындай үлкен шараны өткізуге қолдау көрсеткен облыс әкімдігі мен Спорт басқармасына алғысымыз зор, – деді ол.

Жарысқа қатысқан астаналық велошабандоз Мұрат Күйтенов жастар арасындағы 40 шақырымдық критериум жарысында бірінші орынды иеленді.

– Бұл жеңіс оңай келген жоқ. Біз ұзақ дайындалдық. Жеңісіме жерлестерімнің қолдауы үлкен күш берді. Бұған дейін Испанияда, Ресейде, Азия елдерінде өткен жарыстарда да жақсы нәтиже көрсеткенбіз, – деді жас спортшы.

Чемпионат аясында тағы да бірнеше қызықты жарыстар жоспарланған. Ең үздіктер осында анықталып, ел намысын қорғайтын команданың құрамы жасақталмақ.

Фото/видео: Евгений Щетников

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу