ШҚО-да он күнге жалғасқан тоғызқұмалақ жарысының қорытындысы шықты
Облыс орталығында 21-31 наурыз аралығында тоғызқұмалақтан жасөспірімдер мен жастар арасындағы жекелей Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті.
Өскемендегі Қажымұқан атындағы жекпе-жек сарайында өткен чемпионатты ҚР Туризм және спорт министрлігі, ҚР Тоғызқұмалақ спорты федерациясы және ШҚО дене шынықтыру және басқармасы ұйымдастырған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Чемпионатқа 3 қала мен 18 облыстан барлығы 367 спортшы қатысқан. Олардың 70%-ы титулды үміткерлер мен спорт шеберлері, сондай-ақ халықаралық турнирлердің жеңімпаздары. Жарыстың бас төрешісі - Халықаралық дәрежедегі төреші Әлімжан Қыдырбаев.
Жарыстар классика, блист, рапид кезеңдерінен тұрады. Классика кезеңі 1-3 сағатқа дейін, рапид кезеңі 20-40 минутқа созылса, блист кезеңі 7-14 минутта аяқталды. Чемпионат жеңімпаздарын марапаттау салтанатында әр түрлі жас пен ойын түріне қарай 90 медаль табысталды.
Ой ұшқырлығымен ерекшеленген Абай облысының спортшысы Аяна Исахан блист кезеңі бойынша чемпион атанды. Ал 1-орынды Павлодар облысы иеленсе, 2-орынды Қостанай облысы, 3-орынды Ақтөбе облысы қанжығасына байлады.