KZ
Өскемен
-2°
пасмурно жел 3 м/с, З
502.57 591.68 6.42

Баласының айтқан балағат сөзі үшін ата-ана жауап береді

Фото: pexels.com

25.06.2025, 16:00 486 Әбішев Ержан

Елде бала тәрбиесіне қатысты әкімшілік жауапкершілік күшейді. Былтырдан бастап Қазақстанда балағат сөздер айтқан балалар үшін ата-аналар да жауапқа тартылатын болған. Егер кәмелетке толмаған бала қоғамдық орындарда не әлеуметтік желілерде балағат сөз айтып, басқа адамды қорласа, ата-анасы айыппұл төлеуге міндеттеледі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Егер 14-16 жас аралығындағы жасөспірім ұсақ бұзақылық – яғни бейәдеп сөз айту немесе қорлау әрекетін жасаса, оның ата-анасына немесе қамқоршысына 7 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), яғни 27 524 теңге көлемінде айыппұл салынады (ҚР ӘҚБтК 435-бап).

16 мен 18 жас аралығындағы жасөспірімдер өздері жауап береді. Егер олардың төлем қабілеті болмаса, ата-анасы немесе заңды өкілі айыппұл төлейді. Бұл жағдайда ең жоғары айыппұл мөлшері 10 АЕК немесе 39 320 теңге (ҚР ӘҚБтК 66-бап).

Егер 12 жасқа дейінгі бала тарапынан заңбұзушылық орын алса, ата-анасына 10-15 АЕК аралығында, яғни 39 320-58 980 теңге көлемінде айыппұл салынады. Бұл «Бала тәрбиелеу және білім беру бойынша міндетін орындамау» бабымен қарастырылады (ҚР ӘҚБтК 127-бап).

Интернеттегі балағат пен буллинг үшін де жаза бар. 2024 жылдан бастап әлеуметтік желілерде қорлау, тіл тигізу, былапыт сөздер жазу әрекеттері үшін де айыппұл көзделген. Бұл үшін 200 АЕК-ке дейін, яғни 786 400 теңгеге дейінгі көлемде әкімшілік айыппұл салынуы мүмкін.

Ішкі істер органдарының мәліметінше, әрбір балағаттау немесе қорлау оқиғасы бойынша дәлелдер жиналады. Бұған куәгерлердің сөзі, бейне немесе аудио жазбалар, сондай-ақ сарапшының қорытындысы (әсіресе жазбаша қорлау жағдайында) негіз болады.

Жаңа ережелер тек ата-аналарға ғана емес, педагогтар мен балалардың тәрбиесіне жауапты тұлғаларға да қатысты. Баланың әрекеті үшін ересек адам жауап беретін қоғамда бұл нормалар бала тәрбиесіне салмақты қарауды талап етеді.

Бұл өзгерістер балаларды қоғамға құрметпен қарауға, ал ата-аналарды жауапкершілікті күшейтуге шақыруды көздейді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу