Коронавирус: Мектеп оқушысы көшеде жүрсе, ата-анасына айыппұл салына ма?
Мектеп оқушысы көшеде жүрсе, оның ата-анасына айыппұл салына ма? Өскемен қаласының коронавируспен күрес жөніндегі штабы жауап берді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Чаттарда мынадай мазмұндағы ақпарат таралды: «ертеңнен бастап қауіпсіздік мақсатында мектептердер рейдтік іс-шаралар жүргізіледі. Егер бала қосымша сабақтарға немесе үйірмелерге барған болса, тіпті мектептің жанында жүрсе, аталмыш білім мекемесінің басшылығы жазаланады. Егер балалар дүкендерде, автобустарда, көшелерде жүрген болса, олардың ата-аналары айыппұл төлейді».
– Негізі заң бойынша ең әуелі осындай ақпарат тарататындар жауапқа тартылады. Олар адамдар одан сайын үрейленіреді. Ал мектептерде ешқандай рейдтер жүргізілмейді, ешқандай айыппұл қарастырылмаған. Бірақ жалған хабарлама жіберетіндерге айыппұл салынуы әбден мүмкін, – деді штабтағылар.
Естеріңізге сала кетейік, кеше ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз үндеуінде арандатушылық мақсатта ақпарат таратқандар жауапқа тартылатынын айтты.