Тағы да дауыл, найзағай, бұршақ – ШҚО тұрғындарына ескерту жасалды
Фото: pexels.com
Шығыс Қазақстанда ауа райы құбылып тұр. 26 маусым күні аймақта найзағай, бұршақ, қатты жаңбыр және қатты жел күтіледі. Бұл туралы «Қазгидромет» ШҚО филиалы мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Синоптиктердің болжамынша, түнде облыстың батысы, солтүстігі мен шығысында найзағай ойнап, жаңбыр жауады. Күндіз де найзағай сақталады, кей жерлерде бұршақ жаууы мүмкін. Желдің бағыты солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа ауысып, жылдамдығы секундына 25 метрге дейін жетеді.
Сонымен қатар өңірдің солтүстігінде жоғары өрт қаупі сақталып отыр. Ал оңтүстік-шығысында төтенше өрт қаупі бар. Яғни, ауа тым құрғақ, найзағай кезінде өрт шығу қаупі еселенеді.
Өскемен қаласында да найзағай мен бұршақ күтіледі. Күндізгі жел 20 м/с дейін күшейеді. Мамандар тұрғындарға мынадай қарапайым сақтық шараларын ұстануды ескертеді:
Найзағай кезінде далада жүрмеңіз, үйде болуға тырысыңыз;
- Терезелер мен есіктерді жабыңыз, электр құралдарын сөндіріңіз;
- Ағаштың түбіне, аялдаманың артына, металл заттардың жанына тығылмаңыз;
- Қатты жел кезінде сымдарға, шатырға жақындамаңыз;
- Өрт қаупі бар уақытта от жақпаңыз, құрғақ шөпті өртемеңіз;
- Автокөліктен темекі тұқылын тастамаңыз.
Төтенше жағдай бола қалған жағдайда 112 нөміріне хабарласыңыз.