KZ
Өскемен
+9°
пасмурно жел 6 м/с, Ю
486.65 524.46 5.05

ШҚО-да интернет алаяқтары жәбірленушілерге 159 млн теңге шығын келтірген (видео)

Бүгін, 09:30 30 Айжанат Бақытқызы

ШҚО-да республика бойынша интернет-алаяқтардан зардап шеккендерден құралған «Шындық үшін» тобы бар. Оларға келтірілген шығын көлемі 1 млрд 271 млн теңгені құрайды. Бұл туралы Өскеменде «Банктік жүйедегі интернет-алаяқтықтың жаңа түрлері. Қылмыстың ашылмау себептері» тақырыбында өткен жиында Қазақстан Халық партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Аян Әлібеков мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Бүгінгі таңда ең көп таралған қылмыс түрлерінің бірі – алаяқтық, оның ішінде қаржылық қызметтерді цифрландыруға байланысты жасалатын интернет-алаяқтық. Банк жүйесіне қатысты осындай алаяқтық әрекеттерден зардап шеккен өңір тұрғындары Қазақстан Халық партиясының облыстық филиалына хабарласқан. 

ШҚО Полиция департаменті, банктердің филиалдары, тергеу соты, Өскемен қаласы прокуратурасының өкілдері мен зардап шеккен тұрғындардың қатысуымен өткен жиында интернет-алаяқтықтың себептері мен салдары кеңінен талқыланды.

Өскемен қаласының тұрғыны Нина Кусакинаның айтуынша, бүгінде алаяқтардың қылмыстық әрекеттерінің салдарынан Шығыс Қазақстан облысында жәбірленушілерге 159 млн теңге көлемінде материалдық шығын келтірілген. Бірақ, өкінішке қарай, полицияға хабарласу қажетті нәтиже бермей отыр. 

«Қазақстан Халық партиясы ШҚО филиалының өкілдері соңғы уақытта өршіп тұрған интернет-алаяқтыққа қатысты барлық пікірлерді тыңдап, бұл мәселені Парламент Мәжілісінің қарауына жолдау үшін және құқықтық құжаттарға өзгерістер енгізу арқылы оны шешудің тиімді жолдарын табуға мүмкіндік жасауға дайын»,-деді Аян Әлібеков.

Сонымен қатар, сарапшылар алдағы уақытта тұрғындар интернет-алаяқтардың құрбанына айналмас үшін онлайн несие рәсімдеу кезінде банктерге қойылатын қауіпсіздік талаптарын заң жүзінде күшейту, азаматтардың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыру қажеттігін атап өтті.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу