Шипажайларға кімдер тегін бара алады?
Жасы ұлғайып, еңбек зейнетіне шыққан адам үшін тынығу ме күтім ауадай қажет. Ал өмір бойы күйбең тірлікпен жүріп, денсаулығына көңіл бөле алмай келген жандар үшін нағыз ем мен демалыстың мекені. Шығысқазақстандық зейнеткерлер мен мүгедектігі бар жандар қандай шипажайларда тегін демала алады? Біз облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасымен хабарласып, осы тақырыпты қаузап көрдік.
Шығысқазақстандық зейнеткерлер үшін 2002 жылдан бастап Өскемен қаласынан 80 шақырым жерде Шемонаиха ауданының Выдриха ауылындағы Уба өзенінің бойында орналасқан «Уба» шипажайы тегін қызмет көрсетіп келеді. Шипажайда емдеу-диагностикалық кабинеттер жұмыс істейді. Физиотерапия, парафинмен емдеу, массаж, ингаляция, емдік дене шынықтыру (ЛФК), фитотерапия, балшықпен емдеу, галотерапия, циркулярлық душ, шунгитотерапия, парафитобочка сияқты ем түрлері кеңінен қолданылады, таза ауа, мамандардың күтімі – бәрі қамтылған. Адам бір барғаннан-ақ өзін жеңіл сезініп, демалып қайтады. Емдеу, тұру, тамақ – бәрі тегін.
Жолдаманы кімдер және қайдан ала алады?
Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен оларға теңестірілгендер, еңбек ардагерлері, зейнеткерлік жасына жеткен азаматтар, көпбалалы аналар («Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері) және мүмкіндігі шектеулі жандар да осы демалыс орнына бара алады. Ол үшін тұрғылықты жердегі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне өтініш беру керек немесе «Aleumet.egov.kz» порталы арқылы да рәсімдеуге болады (ЭЦҚ қажет).
Кезек – тіркелу ретіне қарай қалыптасады. Электронды кезек әзірге енгізілмеген.
Егер адам денсаулығына байланысты шипажайға бара алмай қалса, жолдаманы кемінде үш күн бұрын қайтаруы қажет. Әйтпесе жолдама жарамсыз болып есептеледі.
Қандай құжаттар керек?
Ең алдымен демалушы өтініш жазады, жеке куәлік көшірмесі, зейнеткерлік куәлік, дәрігерден шипажайға бару қажеттігін растайтын анықтама керек. Егер мүмкіндігі шектеулі жан болса, жоғарыда айтылған құжаттарға қоса мүгедектік жайлы анықтама және жеке оңалту бағдарламасы (АОБЖ) қажет болады. Осы құжаттар толық жиналғанда жылына бір рет 14 күнге шипажайға жолдама беріледі.
Демалушылардың айтысына қарағанда, осы екі аптаның өзі оларға көп күш-қуат береді. Әсіресе қысы-жазы көркем табиғаты мен саф таза ауасының өзі адамның миын тынықтырып, күнделікті күйбең тіршіліктен бір уақыт демалуға тамаша мүмкіндік сыйлайды.
Өскеменнің Шолпан есімді тұрғыны әлеуметтік желіде мынандай пікірін қалдырыпты.
«2025 жылғы 24 ақпан мен 10 наурыз аралығында жұбайым екеумізге Выдриха ауылында орналасқан «Уба» санаторийінде демалып қайту бақыты бұйырды. Персоналдың ілтипаты, емдік шаралар мен ас мәзірі көңілімізден шықты. Терапевт Жмайлов – дәрігерлер әулетінің өкілі, барлық демалушыларға ерекше қамқорлық танытқанына тәнті болдық, оған айрықша алғысымызды білдіреміз. Мәдени-көпшілік шаралар да жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Бұл санаторий ақылы мекемелерден кем түспейді, ал мұнда ем-дом мүлдем тегін көрсетіледі. Шипажай ұжымына өркендеу мен табыс тілейміз!» деп жазады тұрғын.
Шығыс Қазақстан облысында жыл сайын 5000-ға жуық адам шипажайда ем қабылдай алады. Биылғы жылдың алғашқы жартысында 2356 адам жолдама арқылы демалып үлгерді.
Бұл – жай ғана демалыс емес. Бұл – қоғамдағы әлсіз топтарды қолдау, олардың өмір сапасын жақсарту, көңіл-күйі мен денсаулығын түзеу. Шипажайға барып келгендердің пікірінше, 14 күндік емнен кейін қан қысымы реттеліп, жүріп-тұрулары жеңілдеп, сергек бола түскен.
Шипажай - қоғамға бейімделудің бір жолы
Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін шипажай – тек ем емес, үлкен қолдау мен қамқорлықтың символы. Әсіресе денсаулығына байланысты үйден көп шыға бермейтін жандар үшін бұл жаңа достар табу, көпшілікпен араласу, қоғамға бейімделудің бір жолы.
Қазіргі уақытта облыс аумағында 28 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тіркелген, оның ішінде шамамен 3,6 мыңға жуығы мүгедектігі бар балалар.
Кімдерге арналған?
I, II, III топтағы мүгедектігі бар адамдар, бала күнінен мүгедектігі бар азаматтар жылына бір рет, он төрт күнге тегін жолдама ала алады. Санаторий-курорттық емделу ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы №283 бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады. Бұл қызмет мүгедектігі бар азаматтың жеке оңалту бағдарламасында көрсетілген жағдайда ғана ұсынылады.
Мүгедектігі бар азаматтар шипажайға жолдама алу үшін тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталығына барып немесе www.aleumet.egov.kz порталы арқылы онлайн өтініш бере алады.
Қажетті құжаттар: жеке куәлік, мүгедектігі туралы анықтама және АОЖБ шеңберінде санаторлық емделу қажеттігі көрсетілген құжат.
Греховодағы оңалту орталығы
Алтай ауданы, Грехово кентінде орналасқан Мүгедектігі бар тұлғаларды оңалту орталығы – тағы бір маңызды әлеуметтік нысан.
80 адамға арналған оңалту орталығында тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедек балалар, I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтар, жасы үлкен, өз бетімен өмір сүре алмайтын жандар бір айдан алты айға дейін тегін оңалтудан өте алады.
Бұл жерде демалушылар ем-домның физиотерапия, бальнеотерапия, фитотерапия, парафинмен емдеу, емдік дене шынықтыру, массаж сияқты түрлерін қабылдап, бассейн, сауна, фитобочка, музыка залы, релаксация бөлмесінің қызметтерін пайдаланады. Сонымен қатар еңбек шеберханалары жұмыс істейді.
2022 жылдан бастап орталық остеохондроз, омыртқа жарығы, операциядан кейінгі жағдайлар, артриттер, артроздар, протездеуден кейінгі қалпына келу, инсульт салдары, полиомиелит, Паркинсон ауруы және тағы да басқа диагноздары бар зейнеткерлерді де қабылдай бастады.
2025 жылдың басынан бері орталықта 474 адам ем алса, оның ішінде 228 мүгедектігі бар азамат және 246 зейнеткер денсаулықтарын түзеген.
Мұндай әлеуметтік қолдау шаралары облыс тұрғындарының денсаулығын сақтау мен өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Санаторий-курорттық емдеу – тек демалыс емес, денсаулықты нығайтудың тиімді құралы.
2024 жылы санаторий-курорттық емделуге мұқтаж мүмкіндігі шектеулі 965 адамның 956-сы осы қызметпен қамтамасыз етілді. 2025 жылғы 20 маусымдағы жағдай бойынша Е-Собес ААЖ деректері бойынша санаторий-курорттық емделуге мұқтаж 1269 мүгедектігі бар адамдардан өтініш тіркелді. Қазіргі уақытта мүгедектігі бар 394 адам осы қызметпен немесе 31,1% қамтамасыз етілген. Ағымдағы жылдың соңына дейін 875 адам санаторий-курорттық емдеумен қамтамасыз етіледі.